АҚШ пен Түркия елшілігі азаматтарға өзара виза беруді тоқтатты

АҚШ пен Түркия елшілігі азаматтарға өзара виза беруді тоқтатты
09 қазан, 20:00

Енді Американың ешбір азаматы түрік шипажайында демала алмайды, әлдебір шаруасымен Түркияға ұшып та келе алмайды. Тіпті Түркияда уақытша жұмысқа орналаспақ болғандардың жолы кесіліп, мұнда емделу де қиындады. Өйткені Түркия елшілігі америкалықтарға иммиграциялық визалардан басқа виза түрлерін беруді тоқтатып тастады, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Ресми Анкараның мұндай қадамға баруына америкалық дипломаттардың әрекеті себеп болыпты. Айта кетелік, өткен аптада Ыстамбұлда АҚШ консулдығының қызметкері ұсталған еді. Түрік билігі одан Америкада тұратын оппозиционер Фетхулла Гүленмен байланысы бар деп күдіктеніп отыр.

Айта кетелік, Гүлен былтыр мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырғаны үшін айыпталған еді. Түркия азаматы болса да, елшілікте жұмыс істейтін қызметкерінің тұтқындалуын Вашингтон екі елдің арасында араздық тудыратын теріс әрекет деп бағалады. Іле-шала АҚШ-тың Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерінде иммиграциялық визалардан басқа виза түрлерін беру тоқтатылды.