«Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау айлығын қорытындылады

«Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау айлығын қорытындылады
09 қазан, 20:00

Өңірлерде мүгедектердің кіріп шығуына бейімделген 8273 нысанның 51 пайызы ғана талапқа сай келеді. «Нұр Отан» партиясының депутаттары мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау айлығынан соң осындай ұйғарымға келіп отыр. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыруға бағытталған ауқымды шара 30 маусым мен 25 қыркүйек аралығында өткізілген болатын. Халық қалаулылары мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындар мен әлеуметтік объектілерге өтудегі кедергілерді бағамдады. Айтуларынша, нысандарды жарымжандарға ыңғайлы етіп бейімдеуге қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелерінің ірі мегаполистерге де, ауылдық аймақтарға да бірдей болуы кедергі болып отыр. Бұдан бөлек, аталған нормаларға осыдан екі жыл бұрын мүгедектерге қолжетімді ету міндеті енгізілгеніне қарамастан, жобалаушылар сметаға қарапайым пандустарды салуды ескермейді. Айлық аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен, тұрғын үймен қамту мәселелеріне де ден қойылды. Анықталғандай, үй кезегінде тұрған жарымжандардың қатары қалың. 195 мыңнан асып жығылады. Мүгедектерді қоғамдық көліктерге қолжетімді ету мәселесі де басты назарда. Депутаттар Еуропадағы автобустарда кеңінен пайдаланылатын книлинг жүйесін енгізуді ұсынды.

Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Бұл автобус тоқтағанда сәл ылдилап, мүмкіндігі шектеулі жанның қоғамдық көлікке өтуін жеңілдететін жүйе. Ол Франция мен Германияның барлық автобустарында бар. Бізге де енгізу керек деп ойлаймын.