Оралда көлік салығын төлемегендер көбейіп отыр

Оралда көлік салығын төлемегендер көбейіп отыр
12 қазан, 20:00

Оралда көлік салығын төлемегендер көбейіп барады. 17 мың оралдықтың берешегі 350 миллион теңгеден асқан. Әрі олардың қатары жыл санап артып отыр. Ал ең көп қарызы бар тұрғын 2 миллион 800 мың теңге берешек. Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Манарбек Қадырбековтың түсіндіруінше, салықтың уақытылы төленбеуіне тұрғындардың немқұрайлығы себеп. Өйткені апатқа ұшырап, жарамсыз болған техниканы иесі есептен шығаруды естен шығарады. Немесе көлігін сенімхат арқылы сатып жіберіп, салығының еселеп өскенін білмейтіндер де жетіп артылады. Бір қиыны, салығы жиналып қалған көліктердің көбісі - ескі автомобильдер. Кейбірінің иесі жоқ. Салығы төленбеген көліктердің көбісі істен шыққандықтан, рейд кезінде оларды тауып, анықтау мүмкін емес. Дегенмен берешек азаматтарға қатысты іс сот орындаушыларына тапсырылған. Сондықтан мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері тұрғындардың жыл соңына дейін көлік салығын тезірек төлеуі керектігін ескертеді.

Манарбек Қадырбеков, Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

Біз биылдың өзінде сотқа 3500-ден астам шағым бердік. Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынған кезде, адамдар керек кезінде ғана бір жерде емделуге баруы керек, не басқа себептермен Қазақстан аумағынан шығуы керек, сол кезде берер жағын білген жағдайда, олар салықтарын төлей бастайды.