Алматыда Мұратхан Тоқмәдиге қатысты үкім шықты

Алматыда Мұратхан Тоқмәдиге қатысты үкім шықты
12 қазан, 20:00

Алматыда қоғамдық дүрбелең туындатқан Мұратхан Тоқмәдидің ісіне қатысты үкім шықты. Алмалы аудандық соты қылмыс әлемімен байланысы бар деп айыпталған күдіктіні 3 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Еліміздегі әйнек өндірісінің көшбасшысы саналатын «Қазшынықұрылысы» компаниясының жетекшісіне бопсалаумен айналысты, заңсыз қару-жарақ сақтады деген айып тағылған болатын.

Сотталушы 5 қыркүйекте өз кінәсін мойындап, істі қараушы прокурормен арада «айыпты мойындау» туралы келісімге келген еді. Сот үкімімен Мұратхан Тоқмәди 3 жыл жазасын орта деңгейдегі қауіпсіздігі бар қылмыстық-атқару мекемесінде өтейтін болады. Айта кетейік, Мұратхан Тоқмәди 12 маусымда өз үйінде ұсталып, содан бері қамауда отыр.

Абай Жарылқасын, Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің маманы:

Алмалы аудандық сотының үкімімен Мұратхан Тоқмәди аса ірі көлемде қаржы бопсалау, қару-жарақ пен атыс құралдарын алу және сақтау дерегі бойынша кінәлі деп танылды. Күдікті процессуалдық келісім негізінде өзіне тағылған айыптардың барлығын мойнына алды. Оны қағаз жүзінде бекіту үшін істі жүргізген прокурормен арнайы шарт жасасты. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ