Алматыда түсік тастаған әйел дәрігерлерді сотқа берді

Алматыда түсік тастаған әйел дәрігерлерді сотқа берді
13 қазан, 20:00

Алматыда шұғыл көмек көрсету ауруханасы дәрігерлерінің басы дауға қалды. Ақ халаттыларды атыраулық әйел дер кезінде жәрдем бермеді деп айыптап отыр. Ауруханаға жедел жәрдем бригадасымен жеткізілген Гүлсім Қожахметова түсік тастаған. Шаранасынан айырылған әйел қазір дәрігерлермен соттасып жатыр. Тараптардың уәжін тыңдаған тілші тарқатады.

Гүлсім Қожахметова Алматыға уақытша жұмыс істеуге келген. Маусым айында өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырады. Фельдшерлер науқасты қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізеді. Айтуынша, қабылдау бөліміндегі мейірбикелер екі қабат әйелге облыстық клиникалық ауруханаға баруға кеңес береді. Ал гинеколог-дәрігерлер дер кезінде келмеді дейді.

Гүлсім Қожахметова:

БСМП ауруханасына келгенде Күләш Фариховна облыстық ауруханаға апару керек деді. Себебі бұл Қарсай ауданында тіркеуден екен деді. Менімен бірге келген жедел жәрдем фельдшері де қабылдауды сұрады. Қабылдай алмаймын деп, дәрігердің атынан шешім қабылдады. Медбике болып тұрып, ол маған дәрігерді шақыру керек еді. 

Ауруханадан қайыр болмаған соң, жүкті әйел өз денсаулығын сақтандырған жеке клиникаға хабарласады. 40 минуттан соң медицина орталығының дәрігерлері алып кеткен. Бірақ іштегі шарана шетінеп кеткен дейді. Алайда аталған аурухана басшыларының уәжі басқа. Науқастың дәрігерді күтпестен кетіп қалғаны бейнебақылау камераларында тіркелген дейді.

Үсенғали Исайынов, Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының ішкі бақылау қызметінің маманы:

Ол кісі келгенде дәрігерлер астындағы қабылдау бөлімінде гинекология кабинетінде болмаған. Бір дәрігер операцияда болмаған, екіншісі үстіңгі қабатта науқас шақырып, қолы тимеген. Ал дәрігерлер астына түскенде, ол науқас кетіп қалған.

Құрсағындағы шаранасын жоғалтқан атыраулық әйел аурухана мамандарын сотқа берген. Шілде айынан бері қаралып жатқан іс бойынша куәгерлер сұралып біткен. Тараптардың қайсысы дұрыс әрекет етпеді деген мәселеге Алмалы аудандық соты нүкте қоюы тиіс. Шағымданушы тарап соттан енді тиісті медициналық сарапатама тағайындауды сұрап отыр.

Жалғас Серіпханқызы, адвокат:

Қай қалада болмасын, пропискада болсын-болмасын жедел медициналық көмек көрсетуі керек еді. Бұл жерде жедел жәрдеммен келіп отыр. Аурухананың аты да айтып тұр ғой. Олар азаматша Қожахметоваға көмек көрсетеді. Одан бас тартқан.  Өз істеріне салғырт қарап отыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

30 жастағы Гүлсім Қожахметова одан өзге үш баласы барын айтады. Төрт айдан бері сот табалдырығын тоздырып жүрген әйел денсаулығына келген зиянның өтеуі ретінде  ауруханадан материалдық өтемақы талап етіп отыр. Тараптар енді дүйсенбі 16 қазанда сотта кездеседі.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ