Мұнай өндірісі артса да, Ұлттық қорға түсетін түсімдер азайған

Мұнай өндірісі артса да, Ұлттық қорға түсетін түсімдер азайған
18 қазан, 20:00

2,6 млрд теңге. Өткен жылы қазынаның осынша қаржысы игерілмеген. Бірақ бұған қарамастан, министрлер кабинеті мәжіліске үш жылдық бюджетті бекітуге келді. Төменгі палата мақсатты жұмсалмай жатқан сомаларға көз жұма қарап, 2018-20 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдап жіберді. Бірақ құжатты бекітер алдында әдеттегідей төрт көзі түгел жинала бермейтін үкімет мүшелерін төрт сағат ұстап, бір терлетіп алды. 

Айгүл Әдепбай, тілші:

Мұнай өндірісі артып жатыр, ал Ұлттық қордың түсімдері азайып отыр. Бюджетті талқылаған депутаттар неге деген заңды сұраққа қалды. Халық қалаулыларының айтуынша, мұнай саласындағы кәсіпорындардан Ұлттық қорға деген түсімдер төмендеген. Депутаттардың мәліметінше, Ұлттық қорға мұнайдан түсетін түсім 2017 жылы 1,6 трлн теңгені құраса, 2018 жылы - 1,5 трлн, 2020 жылы 1,4 трлн теңге деп жоспарланған. Премьер-министр айырмашылық болжамдарға бекітілетін мұнай бағасына байланған деп түсіндірді. 2017 жылы мұнайдың баррелі 50 доллар деп есептелсе, алдағы 3 жылдағы бюджет жобасында ол 45 доллар деген есеппен жасалған. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Мұнай өндірісі биылға 84,5 млн тонна деп жоспарланған, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш артады. Қашағанда өндіріс көбейді. Ал Ұлттық қорға түсім қол қойылған келісімдерге байланысты. Яғни салық шығынның орны өтелген кезде ғана түсе бастайды. Сондықтан көлемдер артса да, түсімдер аз болады. 

Бюджетті талқылағанда таяқтың бір ұшы қаржы министрлігіне, екінші ұшы ұлттық экономика министрлігіне тиетін әдеті бар. Бұл жолы да министрлердің жауабына депутаттар қанағаттанбады. Мәжіліс төрағасы квазимемлекеттік саладан Ұлттық қорға қайтатын қаржы аз деген пікірде

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Ну, ни о чем ответ! Вы или будете отвечать или не отвечайте, господин министр. 2014 жылдан бері Ұлттық қордан квазимемлекттік сала 680 млрд теңгеге толықты. Жекешелендіруден 7,5 млрд теңге қайтарылды. Үкіметтен келген әріптестер, бүгін ұзақ жұмыс күні болады. Сондықтан нақты сұрақтарға нақты жауап беру керек. Бұлай судыратып шығудың қажеті жоқ. 

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы мектептердің құрылысына бөлінген қаржыға да разы болмады.

Уәлихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

2018 жылдың жоспарында мектептердің құрылысына 40 млрд теңге қаралған. Ал бюджеттік өтініш 66 млрд теңге болған. Яғни қанағаттандырыламаған өтініш. Мектеп құрылысына бөлінетін республикалық қаржы қандай есептерге сүйеніп бөлінеді. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

В силу ограниченности ресурсов не будет возможности покрывать все потребности по быстрым инвестициям.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бахыт Турлыханович, как можно говорить о нехватке средств, если только по отчетам Правительства в 2016 году не освоено 2,6 млрд тенге, а неэффективно было использовано 270 млрд тенге.

Ал депутат Азат Перуашев Амстердам соты ұстап тұрған Ұлттық қордың 5 млрд доллары үшін жауаптылардың жазалануын талап етті.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі: 

Амстердам соты Ұлттық қордың 5 млрд доллардай қаржысын бұғаттап қойды деген ақпар тарады. Ол сот біздің әділет министрілігі мен Ұлттық банкке ғана емес, Ұлыбритания сотының шешіміне де пысқырмады. Үкімет жағдайды түсіндірсін және жауаптыларды анықтасын. Ақшаны қайтару бойынша не істеледі? Бұл теңгеге аударғанда триллионнан асып кетеді.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Ұлттық қор қаражаты 100 млн доллар шамасында швед компаниясының және 240 млн доллардай Голландия компаниясының  құнды қағаздарына салынған. Барлық шаруа әділет министрлігімен бірігіп жүргізілуде. Сондықтан олармен кеңес жүрген соң ғана жауап бере аламыз.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Таңғы 10 басталған мәжілістің жалпы отырысы түстен кейін жалғасып, кешке дейін жүрді. Түс ауа салық кодексінің жаңа жобасын қараған депутаттар оның мазмұнынан шошынды. Мәжіліс төрағасы жаңа жобада қазіргі кодекспен салыстырғанда 263 заңға тәуелді акті мен сілтемелер артық деп жаға ұстады. Бірінші оқылымда мақұлдап, екінші оқылымға дейін халық түсінетіндей етіп жеңілдетуді тапсырды. Айтпақшы, үш жылдық бюджетте депутаттардың жалақысын өсіруге де қаражат қаралған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Жылдың басында депутаттарды қаржыландыру үшін қазір қосымша 600 млн-дай қаражат бөлініп отыр. 620 млн.

Айгүл ӘДЕПБАЙ