Депутат кеденшілер арасында жемқорлық көп деп айыптады

Депутат кеденшілер арасында жемқорлық көп деп айыптады
02 қараша, 20:00

Қырғызстан ахуалды реттемесе, Қазақстан шекарадағы жағдайды қатаңдата түседі. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмрин осылай деді. Оның сөзінше, кедендік, салықтық, санитарлық және көліктік заң бұзушылықтарға жол берілген. Күмәнді жолмен өткізілмек болған кезде ұсталған тауарлар өте көп. Сондықтан Қазақстан тауар өткізу бойынша көрші елмен ашық ақпарат алмасуды ұсынған. Бірақ қырғыздардан әлі жауап жоқ көрінеді.

Мәжіліс бүгін Еуразиялық экономикалық одақтың "Кеден кодексін" мақұлдады. Ал Ғұсман Әмрин бұл құжаттың "көлеңкелі сауданы" азайтуға септігін тигізеріне сенімді. Өйткені жаңа Кеден кодексі Еуразиялық одаққа мүше елдердің сауда үрдісін жеңілдетеді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ кедендік операцияларды автоматтандыру да жоспарда бар. Жиын барысында депутаттар кеденшілер арасындағы жемқорлықтың тиылмай отырғанын айтып сынады. Владислав Косарев кеденшілер аз уақыт ішінде қымбат көлік мініп, қымбат үй соғып алады дейді. Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болса, кеденшілердің жағдайы, депутат айтқандай, жақсы емес деп, жемқорлықтың барын мойындамады.

Ғұсман Әмрин, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

Ондай сұраққа ресми түрде айтамын, жауап бермеймін де ешқашан. Жағдайлары онша емес, ол да халықтың балалары, сіздердің туыс-туғандарыңыз, кеденшілерге барып көріңіздер. Енді бір кеденшіні тапсаңыздар, мен Косаревке солай айтамын, жұмыстан берілген болса, бір айда машина алды, екі айда коттедж салды десеңіз, мен кешірім сұраймын. Бірақ ондай жағдай жоқ.