Полиция Американың Техас штатындағы шіркеуде 28 адамды атып тастаған күдіктіні анықтады

Полиция Американың Техас штатындағы шіркеуде 28 адамды атып тастаған күдіктіні анықтады
06 қараша, 20:00

Американың Техас штатында қанды қырғын. Полиция шіркеуде 28 адамды атып тастаған күдіктіні анықтады. Ол Девин Патрик Келли есімді АҚШ әскери әуе күштерінің бұрынғы қызметкері болып шықты. Рейтерстің хабарлауынша, оның көлігін тінткен полиция өте көп қару тапқан. Бірақ оның террористік топтармен байланысы жоқ көрінеді. Тек кезінде оны әйелі мен баласын ұрып-соғып қатыгездік танытқаны үшін әскерден қуып шыққан. Айта кетерлігі, күдіктінің винтовканы қайдан алғанын полиция әлі анықтаған жоқ. Белгілісі, оның қару ұстауға құқы болмаған.

Естеріңізге сала кетсек, жас жігіт Техастың шағын ғана Сазерлент Спрингс қаласының шіркеуіне, халық көптеп жиналған кезде келіп, оқ жаудырады. Қаза болғандар арасында балалар мен қарттар бар. Тұрғындар оқиға орнына гүл шоқтары мен майшамдар қойып жатыр. Америка президенті Дональд Трамп бұл жағдайды «сайтанның ісі» деп бағалады. Ал экс-президент Барак Обама тұрғындарға қару-жарақ сатуды шектеуге шақырды.

Фремен Мартин, Техас қоғамдық қауіпсіздігі басқармасының директоры:

Атқан адамды жансыз күйі өзінің көлігінен таптық. Ол өзін атты ма, әлде оны қуғандар атты ма, бұл жағын анықтап жатырмыз. Күдікті бастан аяқ қара киім киген. Адамдарды автоматты винтовкадан атқылаған.

Айгүл ӘДЕПБАЙ