Алматыдағы «Самал» ықшам ауданының тұрғындары жылудан ажыратылды

Алматыдағы «Самал» ықшам ауданының тұрғындары жылудан ажыратылды
14 қараша, 20:00

Алматыдағы «Самал» ықшам ауданының тұрғындары қыс таяғанда жылудан ажыратылды. Бұған құрылыс компаниясы мен коммуналдық қызмет арасындағы түсініспеушілік себеп болған. «Пентхаус» серіктестігі осыдан 7 жыл бұрын мансардтық типтегі үйді сатады. Бірақ құжаттарын толық ретке келтірмепті. Мұның зардабы көп қабатты үйдегі 24 пәтердің иелеріне тиіп отыр. 

Жылыту маусымы бір ай бұрын басталғанымен, «Самал» ықшам ауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің халқы электр жылытқыштарына телмірген. Кейде тіпті оның да күші жетпейді деген олар, қалың киім, жылы көрпешесін жанынан тастамайды

Мария Дик, Алматы қаласының тұрғыны:

Кондиционер мен жылыту құрылғысын жоғары температураға көтерсек те, қабырға мен еденнің сызы жылуды көпке шыдатпайды. Баламыз сырқаттанып қалды. Бұл жағдай жылда қайталанады. Жылу беру басталса, араға уақыт салып ыстық су мен жылудан ажыратады.

7 жыл бұрын салынған көп қабатты үйдегі пәтерлер жеке иелікке өткенімен, коммуналды қызмет ақысын құрылыс компаниясы төлейді. Яғни тұрғындар ай сайынғы ақшасын осы серіктестікке өткізеді екен. Бірақ одан нәтиже жоқ. Шаршаған тұрғындар жеке келісімшарт жасауға құжат әзірлегенімен, рұқсат ала алмай отыр.

Әсел Серікопова, Алматы қаласының тұрғыны:

Әр пәтер жеке келісімшарт құру үшін жылу беру мекемесіне хабарластық. Ондағылар құрылыс компаниясының берешегі бар, қосыла алмайсыздар деп жауап берді. Ай сайынғы қызмет ақысын кешіктірмей өтейтін біздің не кінәміз бар?

Қарыз мөлшері бір миллион теңге, дейді құрылыс компаниясының өкілі. Ал «Пентхаус» компаниясы бұл қаражаттың пәтер иелеріне тиесілі екенін айтады. Өздерін сүттен ақ, судан тазамыз деп отыр.

Оксана Қасымова, «Пентхаус» ЖШС өкілі:

Берешегі жоқ пәтерлерді жылудан ажырату заңға қайшы. Сондықтан коммуналдық қызметкерлер жылуын да, суын да қосып беруі тиіс. Ал қарыздың бізге мүлде қатысы жоқ. Бір миллион теңге осы үйдегі бірнеше пәтердің еншісінде. Біз ешкімге қарыз емеспіз.

«Алматы жылу жүйесі» өкілдері болса, қарыз өтелмейінше, жылу берілмейтінін кесіп айтты.

Айдын Сайлаубай, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бас директорының орынбасары:

Алдымен құрылыс компаниясы нысанның бірқатар құжаттарын өткізуі тиіс. Содан кейін ғана жеке пәтерлермен келісімшарт жасай аламыз. Әзірге, берешек өтелмейінше, жылу қосылмайды.

Аталған құжаттардың қашан дайын болатыны жайлы құрылыс компаниясы нақты жауап айта алмады. Сондықтан жылдағыдай "аяздан аман өтсін" дейтін аяныш, биыл қайталанбайды деп отыр. Ал тұрғындар осы қысты электр жылытқыштарымен өткізуі әбден мүмкін.

Олжас НҰРЖАҚЫП