Алпысқа тарта қызылордалықтың бұрынғы түрмедегі қазіргі өмірі

Алпысқа тарта қызылордалықтың бұрынғы түрмедегі қазіргі өмірі
14 қараша, 20:00

Алпысқа тарта қызылордалық тұрғын бұрынғы түрменің ескі казармасында тұрып жатыр. Отыз жыл бұрын еңбекпен түзеу колониясы басқа жерге көшіріліп, екі нысан тұрғындарға баспана ретінде берілген. Қазір осы екіқабатты қос үйді жиырма отбасы паналап келеді.  Айтуларынша, әлдеқашан бұзылуы тиіс үйлер ресми түрде апатты деп танылмаған.

Мұндағы жұрт өркениеттен мүлде жұрдай. Үйлерде тек электр жарығы мен су бар. Ал кәріз жүйесі, жертөле, қоқыс тастайтын арнайы орын қарастырылмаған. Газ құбыры баспанаға келіп тұрғанымен, пәтер ішіне кіргізуге көпшілігінің қалтасы көтермейді. Сондықтан қыста әлі күнге дейін пеш жағып жүр. 

Қаратай Нөсербаев, Жандосов көшесі № 25 үйдің тұрғыны:

Справка сұрап барсан БТИ ма соған, "бұл сносқа кеткен" дейді, справка бермейді. 54 жылдары салынған дейді. Туалетіміз толып қалса, басқа жерден қазамыз.

Айымхан Молдахметова, Жандосов көшесі № 25 үйдің тұрғыны:

Кіретін подъездер өте нашар жағдайы. Ең болмаса төбесін шатырлап беруге көмектессе. Апаттық жағдайда деп есептеуге болатын шығар. Жергілікті органдарға барып жатырмыз, қалалық әкімге бардық. Ресми түрде ешкім мынау үйлеріңіз апатты жағдай сіздердің, көшесіздер деген әңгіме болған жоқ.

Жаңа үйлерге жақын орналасқан жатақханалар қаланың сәнін бұзып-ақ тұр. Сондықтан жергілікті билік  оларды мынадай дуал артына жасыруды жөн көрген сияқты. Басқа барар жері болмағандықтан, тұрғындар да амалсыз төзіп келеді. Десе де шешім бар,-дейді тұрғын үй инспекциясының өкілі

Берік Сәрменбаев, қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Жеке тұрғын үй болғаннан кейін, тұрғындар сол жерде тұратын, сол кісілер экспертное заключение алуы керек барып. Сол кезде ғана авариялық жағдай болып есептеледі да, ол кісілер кезекке тұрғаннан кейін, тұрғын үй алғаннан кейін ғана, сносқа кетеді ол. Өздері келіп бізге ұсыныс берсе, модернизацияға бізді енгізіңдер деп, біз келісім береміз деп. Сол кезде ғана ол модернизацияға енеді.

Тұрғындар, терможаңғырту бағдарламасы бойынша, ай сайын төлейтін 8-10 мың теңге  қаражаттың өзі көпшілігінің қалтасына салмақ болатынын айтып отыр. Олардың ендігі шешімі тәуелсіз сарапшыларға ақша жинап беріп, қолдарына қорытындысын алу. Бұл істі көктемге жоспарлап отыр. Ал оған дейін қар мен жаңбырдан үйлердің шатыры ортасына түспесе деп тілейді.

Шарипа САҚТАПОВА