Ауған соғысында қаза тапқан қазақстандықтар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін

Ауған соғысында қаза тапқан қазақстандықтар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін
14 қараша, 20:00

Ауған жерінде қаза тапқан сарбаздардың санына қатысты күмән сейілмей тұр. Осыған орай Алматыда «Абырой» ауған соғысы ардагерлері ұйымының өкілдері мәлімдеме жасады. Олар Кеңес-Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлер саны едәуір көп болуы мүмкін дейді. Сондықтан ТМД әскерлерінің мұрағатын қайта қарауды талап етеді. Бастамашыл топ Ресейдің Подольск қаласында орналасқан мұрағат басқармасына хат жолдаған. Ардагерлердің айтуынша, жараланып елге оралған соң, ұзамай ажал құшқан қаруластары да көп болған.

Әли Нариманов, «Абырой» ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы:

Кеңес Одағы кезінде айтылған еді. Бұл ауған даласында қаза тапқандардың саны болатын. Ал Кеңес Одағы ол тізімге көбін кіргізбеген. Біздіңше, ол соғыста қаза тапқан біздің жігіттердің саны 25 мың мен 50 мыңның арасында. 

Кеңес-Ауған соғысы аяқталған соң «Правда» газетінде ауған жерінде опат болған кеңес сарбаздарының саны жарияланған. Онда 13 мың адам деп көрсетілген. Ал 1999 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің қайтыс болған жауынгерлерін қосып, оның саны 15 мыңға жеткізілді. Бірақ бұл да нақты дерек емес, дейді ардагерлер. Ал елге оралмаған қазақстандық сарбаздар саны 900 адам деп айтылып жүр, 21 адам іс-түссіз жоғалғандар санатында.