Оралда газ жарылысынан зардап шеккен келіншектің жағдайы өте ауыр

Оралда газ жарылысынан зардап шеккен келіншектің жағдайы өте ауыр
20 қараша, 20:00

Оралда құбырмен тартылған газ жарылып, жүкті келіншек тірілей өртеніп кете жаздады. Дәрігерлер сөзінше, денесінің 80 пайызын күйік шалған. Алған жарақаттың ауыр болғаны соншалық, іштегі жеті айлық сәби де шетінеп кеткен. Енді келіншекті санавиациямен Астанаға жеткізу мәселесі қаралып жатыр. Бірақ жағдайы нашар болғандықтан, тасымалдауға тәуекел етпей отыр. Еркін Карин мән-жайды білді.

Еркін Карин, тілші:

Жарылыс 18 қараша күні Орал қаласының шетіндегі Зашаған елді мекенінде болған. Отағасының сөзінше, әйелі таңғы асты әзірлеуге шығып кеткен. Сол кезде үйде газ жарылып, үш адам зардап шегеді.

Отқа оранған 37 жастағы жүкті келіншекті күйеуі құтқарып алыпты. Бірақ денесінің 80 пайызы күйіп қалған. Қазір жағдайы бірқалыпты болғанымен, өте ауыр. Енді оны Астанаға арнайы ұшақпен жеткізу мәселесі қаралып жатыр. Бірақ келіншектің жолды көтере алмауы мүмкін екендігін ескерген дәрігерлер әлі бір тоқтамға келе алар емес.

Ерлан Тоқсанов, БҚО клиникалық ауруханасының директоры:

Қан айналым нашарлағандықтан, бала шетінеп кетті деп айтуға болады. Керек пе, керек емес пе, оның бәрін Астананың дәрігерлері шешеді. Жалпы былай айтқанда жағдайы түсінікті ғой. Барлық жерде де сол - алатыны бір ем. Біздерде ем алуға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар.

Қазір келіншек есін жиып, тіпті тілге де келген. Бірақ оқиғаның қалай болғанын толық айтып бере алар емес. Ал төтеншеліктер мұндай оқиға Оралда осымен екінші рет тіркелгенін айтады. Сол жолы да үйге жалғанып салған дәлізде газ жарылып, үй иелері күйіп қалыпты.

Мирас Алекешев, БҚО ТЖД бөлім басшысы:

Оқиға орнына келгенде өрт орын алмаған. Мансардтың қабырғасы құлап, ішіндегі тұрғындар зардап шеккен. Қазіргі таңда осы оқиға бойынша материалдардың барлығы анықталу үшін, себебін анықтау үшін ішкі істер органдарына жолданды.

Енді «ҚазтрансгазАймақ» қызметкерлері осы оқиға ізімен арнайы комиссия құрып, тексеруге кіріспек. Олардың сөзінше, үй қожайындары газ плитасын заңсыз көшірген.

Асылбек Қайбалиев, «ҚазтрансгазАймақ» АҚ БҚӨФ басшысының бірінші орынбасары:

Олар газ плитасын орнынан өздері қозғаған. Мүмкін, осы плита қараусыз қалып, бір жерінен газ шығып кеткен шығар? Енді осыны тексеріп, жағдайдың қалай болғанын анықтаймыз.

Еркін Карин, тілші:

Қазір бұл оқиғамен енді полиция айналысып жатыр. Жиналған материалдар толық зерттелуі керек. Егер үйге газдың заңсыз тартылғаны анықталса, қылмыстық іс  қозғалуы мүмкін. Мұны ІІД мамандары айтты.

Еркін КАРИН