Павлодарлық билік қиыршық тасты өндіруші компаниялардың өнімді қайда саудалайтынын бақыламайды

Павлодарлық билік қиыршық тасты өндіруші компаниялардың өнімді қайда саудалайтынын бақыламайды
20 қараша, 20:00

Павлодарлық билік қиыршық тас өндіретін кәсіпорындардың сауда-саттық саясатын бақыламайды. Бұған мемлекеттік мекеменің құзыры жоқ. Арнамызға берген сұхбатында өңірдің жер қойнауын пайдалану басқармасының өкілдері осылай деді.

 Дәулет Есхағамбетов, Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

Біз оның қайда сатылатындығын бақыламаймыз. Ол қиыршықты тасты Ресейге сатуы да, сатпауы да мүмкін. Бірақ, бұл жерде айтайын дегенім - бізде жоғары сапалы қиыршық тас тапшы. Бәлкім, компаниялар Ресейге саудалаған болар, бірақ ол жаққа бізде артығымен өндірілген қиыршық тастың басқа түрін өткізуі мүмкін. Өйткені бұл жағдайды тікелей бақылап, тексеру мүмкін емес деп ойлаймын.

Еске салсақ, қиыршық тасты жеткізу ісіндегі кешеуілдеу «Астана-Павлодар» тас жолының құрылысында қиындық туындатқан. Жол салушылар республикалық жобаның уақытында аяқталмауы мүмкіндігін айтып, билікке шықты. Анықталғандай, биыл кен өндірушілер тиісті миллион текше метр тастың тек 612 мың текше метрін өндірген. Салдарынан бұл науқанда кідіріс орын алды. Жағдай түзелмесе, болашақта ахуал қайталануы мүмкін деген болжам бар. Бетон жолдың құрылысына 1400 маркалы тас пайдаланылады. Бүгінде облыста мұндай сұрыпты үш кен орны өндіреді. Алайда, бір кәсіпорын қаржылық дағдарысты сылтауратып жұмыс істемесе, өзгелері қажетті мөлшердің жартысын ғана жеткізген.