«Астана» телеарнасы киносүйер қауымға «Асыл арман» атты көпсериялы өнімінің алғашқы бөлімін ұсынады

«Астана» телеарнасы киносүйер қауымға «Асыл арман» атты көпсериялы өнімінің алғашқы бөлімін ұсынады
20 қараша, 20:00

Бүгін «Астана» телеарнасында жаңа қазақ телехикаясының тұсаукесері. Соңғы кезде елімізде жиілеп кеткен тастанды сәбилер, бауыр еті баласынан бас тарту секілді атышулы оқиғалар "Асыл арман" атты жаңа телехикаяның негізгі тақырыбына айналды. «Астана»  арнасының төл туындысы бүгіннен бастап экранға шықпақ.

Сериалдың түсірілімі аяқталды, бүгіннен бастап көрерменге жол тартады. Телехикая өмірден алынған оқиғаға негізделген. Жамбыл облысында сәбиін дәретханаға лақтырған әйелдің оқиғасы телехикаяға арқау болды.

Зухра Сайпи, актриса:

Алданып қалып жас қыздар, ақымақтықпен осындай қадамға барған істері деп ойлаймын. Естіп жатып жаңалықтардан қорқып жатамыз. Осы бір сериалымыз қазіргі жастарға сабақ беру ретінде жақсы жағын өзінің бойына жинайды деген ойдамыз.

Шолпан Батырбаева, фильмнің бас продюсері:

Ғаламтор беттерінен, телеарналардан көкек аналардың әрекетін көп еститін, көп көретін болдық. Жаңа туған нәрестелерін қатігез аналар қоқыс жәшіктерінің жанына, тағы басқа жерлерге тастап кетіп жатқанын. Бірақ, мұндай әрекетке қалай барады, оның бұлай жасауына не себеп? Сондықтан біз телесериалымызда сол қоғамдағы көріністі бейнелеуге тырыстық.

-Не істеп жүрсің сен?- Кофе ішіп отырмын, болмайды ма не? - Мен саған қанша рет айтамын, Жәнияға тиісуші болма. - Сен не, Жанияны қазғанып тұрсың ба?

Телесериалда көкек ана тағдырынан бөлек, махаббат пен адалдық, сенім, жігерлілік секілді ізгі қасиеттер насихатталады. Ең бастысы, бір рет жіберілген қателіктің бүкіл өмірді қалай өзгертетініне көрермен куә болады. Мұндай қылмысқа қыздарды итермелейтін не? Осы сынды сауалдарға жауап береді.

Шерхан Пірназаров, актер:

Сол тастанды баланы Дәулет асырап алады. Өзінің бауырына басады. Өзінің махаббатын табады. Қаншама кедергілер болады, қаншама өткелдер болады. Соның барлығына осы махаббат арқылы жетеді деп ойлаймын. Негізі достық, шынайылық, тазалықты қажет ететін сериал. 

«Асыл арман» -  бұған дейін «Жібек» телехикаясын түсірген шығармашылық топтың жұмысы. Айта өтейік, «Жібек» телехикаясы жинаған рейтингтік көрсеткішті осы күнге дейін бірде бір отандық телехикая бағындырған жоқ, жаңа сериал да көрермен көңілінен шығары сөзсіз. "Асыл арманның" алғашқы сериясы бүгін 23.00-де көрсетіледі. 

Олжас Нұржақып