Павлодарда жолақы 10 теңгеге қымбаттады

Павлодарда жолақы 10 теңгеге қымбаттады
21 қараша, 20:00

Кереуде қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысы 10 теңгеге қымбаттайтын болды. Желтоқсанның 1-нен павлодарлықтар автобустар, бағытты таксилер мен трамвайда 80 теңгемен қатынайтын болады. Тасымалдаушылар бұған бірнеше фактордың әсер еткенін айтады. Бастысы, қосалқы заттар мен жанармай құнының өсуі болып отыр. Сондай-ақ коммуналдық тарифтің қымбаттауы да жағдайды қиындатып жіберген.

Бастапқыда тасымалдаушылар жолақыны 70 теңгеден бірден 90 теңгеге көтеруді ұсынған еді. Алайда, қалалық мәслихат депутаттары тұрғындар пікірін ескере келе, 10 теңгелік өсімді ғана қабылдап, дауыс берді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі өкілдерінің айтуынша, бүгінде шаһар халқының 95 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланады. Айта кетсек, соңғы рет Павлодарда жолақы құны 2016 жылдың тамызында қымбаттаған.

Игорь Веретнов, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:  

Басты талап ретінде бұған дейін болған 15 санатқа белгіленген жеңілдікті қалдыру. Оның 12-сі тасымалдаушылардың есебімен жүрсе, үш санаттағы азаматтарға қалалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Сондай-ақ қоғамдық көліктерде билеттендіру жүйесін ретке келтіру, бағыттар арасындағы интервал мен кесте жайлы ақпараттандыру жұмысын жетілдіру талабы қойылды.