ЭКСКЛЮЗИВ: АМӨЗ жаңғыртудан соң іске қосу, құрылғылар мерзімінде жеткізілмегендіктен, кейінге қалдырылған

ЭКСКЛЮЗИВ: АМӨЗ жаңғыртудан соң іске қосу, құрылғылар мерзімінде жеткізілмегендіктен, кейінге қалдырылған
28 қараша, 20:00

Жаңғыртудан өткен Атырау мұнай өңдеу зауытын іске қосу екі мәрте кейінге шегерілді. Салдарынан шикі мұнайды тереңдетіп өңдеу жобасы кешеуілдеді. Тиісті жабдықтардың дер кезінде жеткізілмеуі де әсерін тигізген. Бұл туралы «Астана» арнасына «Sinopec Engineering»-тің Қазақстан филиалының басшылығы мәлімдеді. Тиісті заң жобасына өзгерістер енуіне орай шет елден инвесторларды тарту да қиындаған. Салдарынан жергілікті және сырттан келген мамандардың бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік болмаған көрінеді. Ол аздай мемлекеттік органдар үсті-үстіне тексеріс жүргізген. Көші-қон полициясы шет елдік мамандарға айыппұлды үдетті, дейді компания өкілі.

Жалғас Ткенбаев, «SINOPEC ENGINEERING (GROUP) CO,LTD» Қазақстандағы филиалы басшысының орынбасары:

Айыппұл арқалағандардың арасында инженерлер мен түрлі деңгейдегі басшылар бар. Біз оларға "тексеріп, құжаттары дұрыс болса жіберіңдер" десек, тыңдамайды. Гастарбайтерлерді тұтқындағандай болады. Кейде тіпті зауыттың кіреберісінде қарауылдайтын.

Айта кетейік, қытайлық «SINOPEC ENGINEERING» компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Зауыт негізі «ҚазМұнайГаздың» қарамағында. Жаңғыртудан кейінгі алғашқы өнім 15-ші желтоқсанда шығарылады деп жоспарланған. Енді кәсіпорын жылына 5 млн тонна мұнай өңдеуге қауқарлы. Қазір іске қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Жалғас Ткенбаев, «SINOPEC ENGINEERING (GROUP) CO,LTD» Қазақстандағы филиалы басшысының орынбасары:

Бұрын бір тонна мұнайдың 40 пайызынан мазут пен жанармай өндірілсе, енді 97 пайыздан бензин өнімі шығады, қалғаны тек 4-5 пайызды құрайды. Авиакеросин өндіру туралы жоспар да бар. Егер бұрын 4 млн тонна өндірсек, одан 2 млн тонна өнім алынатын.