Мәжіліс Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады
29 қараша, 20:00

Қазақтың жері шетелдіктерге берілмейді. Мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сөйтіп, соңғы бірер жылда елді алаңдатқан даулы мәселеге нүкте қойылды. Айта кету керек, жерді шетелдіктерден сақтап қалуға арнайы құрылған жер комиссиясының жұмысы да септігін тигізді. Сонымен, жер телімдері кімдерге беріліп, кімдерге берілмейді. Айгүл Әдепбай анықтады.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Жердің жайына бей-жай қарамайтындардың үніне Үкімет те құлақ түрді. Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша заң жобасын егжей-тегжейлі қараған Мәжіліс құжатты мақұлдады. Сонымен, шетелдіктерге жер сатылмайтын болды. Тек Қазақстан азаматтарына жалға беріледі. 

Жаңа заң жобасы бойынша жер берілмейтіндер мыналар:

Шекаралық белдеу мен шекара аумағында орналасқан учаскелерді - шетелдіктерге; - азаматтығы жоқ адамдарға; -шетелдіктермен некеде тұрған Қазақстан азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға; - құрамында шетелдіктер бар Қазақстанның заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады.

Шекара аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына жалға беріледі. Ал дәл шекаралық белдеуде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері қазақстандықтарға да берілмейді. Ондай телімдерді жергілікті халықтың мұқтаждығы үшін жайылым, шабындық ретінде пайдалануға рұқсат. Бір қолға берілетін жер де шектеледі. 

Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, вице-премьер:

Жалға берген кезде де шектік мөлшерді енгізу заң жобасында қаралып отыр. Ол жөнінен арнайы әдістеме жасалып, сол негізінде шектік норманы анықтау қаралған. Мәслихаттар мен әкімдіктердің ұсыныстары Үкіметке келеді де, Үкімет соны бекітетін болады, әр аудан, әр облыс бойынша, сосын Республика бойынша.

Жердің шектік мөлшерін айқындау үшін, министрлік тиісті есептеу әдістемесін әзірлейді, - деді Мырзахметов. Әр аймақтың ерекшелігі мен климаттық жағдайы, тұрғындардың саны, топырақтың сапасы ескеріледі. Алайда жердің көбі жекенің қолында. Осыған орай әкімдіктерге жерді мемлекет қажеттілігі үшін алып қою пәрмені берілмек. Министрлік ол үшін бюджеттен ақша сұрап отыр. 

Шаймардан Нұрымов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Заң жобасына түсіндірме жазбада заң жобасын іске асыру үшін 2017 жылдан бастап бюджеттен 188,8 млрд теңге бөлуді талап етеді деп жазылған. Бұл ақша нақты қайда жұмсалады? Және бір сұрағым қаржы министрлігіне. Үш жылдық бюджетте бұл сомма қаралған ба?

Татьяна Савельева, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

Үш жылдық бюджетте әзірге ол ақша қарастырылмаған. Жайылым жерлердің қажеттілігі үшін бір жыл бұрын бюджеттік комиссия болжамдық шығындарды мақұлдаған. Ол сомма 56 млрд-тан 187 млрд теңге аралығында. Ал орташа кадастрлық құн 111 млрд. 2020 жылдың бюджеттік өтінімі әр аймақтың сараптамасын ескеріп жасалады.

Айта кетейік, жер мәселесін реттеу үшін арнайы комиссия жасақталып, сан мәрте жиын өткен. Ол нәтижесін берді. Енді Мырзахметовтің айтуынша, мемлекет мұқтаждығы үшін 20 млн га аса жайылым жерді қайтарып алу керек. Ал жерді жеке меншікке сатып алу дәурені аяқталды.

Гүлжахан Бимендина, ҚР АШМ жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары:

Жер тегін бе әлде сатып ала ма деп айтып жатырсыздар ғой. Жоқ, жалға беру қазақстандықтарға жалға беру тек қана салық төленеді. Арендная плата в размере земельного налога.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Ал ауыл шаруашылық жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институты сақталады. Жер жалға 49 жылға дейін беріледі, және оны бақылау күшейтіледі. Алғашқы 5 жылда жыл сайын тексеріледі. Одан соң суармалы егістіктер 3 жыл сайын, ал тәлімді жерлер әр 5 жылда бақылауда болады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ