Жол апатынан зардап шеккен 10 жасар қыз ауыр хәлде

Жол апатынан зардап шеккен 10 жасар қыз ауыр хәлде
06 желтоқсан, 20:00

Маңғыстау облысында тепловоз бен шағын автобустың соқтығысуынан соң екі аяғынан айрылған 10 жасар қыз ауыр халде жатыр. Бүгін Жаңаөзеннен 19 жастағы тағы бір науқас санавиациямен Ақтауға жеткізілді. Оның жағдайы тұрақты ауыр және дәрігерлер қандай да бір болжам жасауға асықпайды. Апаттан зардап шеккен 27 адамның 16-сы үйіне қайтарылды. Қалғаны мамандардың жіті қадағалауында.

Өткелде орын алған апаттан кейін қаза тапқан адамдар мен зардап шеккендердің отбасына материалдық көмек көрсететін арнайы жұмыс тобы құрылды. «Қазақстан Темір жолы» компаниясы 20 млн теңге аударды. Қайтыс болған 9 марқұмның отбасы бір млн теңгеден алды. Сондай-ақ, зардап шеккендердің жақындарына 300 және 600 мың теңгеден берілді. Бұдан басқа Жаңаөзен халқы мен түрлі ұйымдардың қызметкерлері 300 мың теңгеге жуық қаржы жинады. Бұл ақша зардап шеккендерге үлестірілмек.

Алтынгүл Көптілеуова, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Қазіргі уақытта 2 адам Жаңаөзен орталық ауруханасының жансақтау бөлімшесінде. Оның бірі - 19 жастағы жігіт, бүгін ол санитарлық авиациямен Ақтау қаласының ауруханасына жеткізілді. Бүгінгі таңда Жаңаөзен ауруханасында тағы 7 адам бар. Оның төртеуі травматология, үшеуі хирургия бөлімшесінде ем алып жатыр

Жол апаты қарашаның 25-і күні Теңге кентіндегі теміржол өткелінде болған еді. Тепловоз бен ГАЗель шағын автобусы соқтығысты. Көлікте 36 адам болған. 9-ы оқиға орнында көз жұмса, 27 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Апатқа қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.