Қар жауып тұрғанда асфальт төсеген оралдық кәсіпкер дауға қалды

Қар жауып тұрғанда асфальт төсеген оралдық кәсіпкер дауға қалды
07 желтоқсан, 20:00

Оралда қар жауып тұрғанда жол салған кәсіпкер дауға қалды. Ал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі енді оны сотқа бермек. Осылайша, жолды қайта жасататынын айтып отыр. Бірақ кәсіпкер асфальтті қар жаумастан бұрын төсегенін айтып ақталады. Ал жолды ертерек жөндеп бітіруге құрылыс материалдарының тапшылығы мен бағасының қымбаттауы себеп болыпты.

Еркін Карин, тілші:

Кәсіпкерді дауға қалдырған жол қазір қар астында жатыр. Асфальт төселген аумақ - Теміртау көшесінің бір бөлігі, ұзындығы 150 метрден аспайды. Бірақ осыған қарамастан, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мердігерді сотқа бермек. Өйткені күн суытқанда жолға асфальт төсеу - ақылға сыйымсыз нәрсе.

Қайрат Мұхамбетқалиев, Орал қалалық жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

Қазір күн суық, мұндай кезде жоғары температурадағы асфальтті төсеуге болмайды. Енді кәсіпорынның үстінен арыз дайындап, мердігерді жолдың осы бөлігін қайта жасап шығуға мәжбүрлейміз.

Жолды жөндеген мердігер мекеменің егесі облыстық мәслихаттың депутаты болып шықты. Жол салу талаптарын бұзбағанын айтқан ол көлік қозғалысына кедергі жасамау үшін асфальтті түнде төсеген. Қар содан кейін ғана жауыпты. Әрі бүкіл жұмысты өз ақшасына жасағанын, бұл үшін бюджеттен әлі көк тиын алмағанын жеткізді. Ал жолды күн жылы кезде жөндеуге құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп болыпты.

Аветик Амирханян, кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты:

Сотқа береміз дегені қате. Өйткені уақытынан кешіккен жоқпыз. Нысан келер көктемде тапсырылуы тиіс. Материал бағасы да жазда екі есеге қымбаттағаны аздай, тапшы болды. Егер материал жеткілікті болса, жолды ертерек жөндер едік.

Кәсіпкердің сөзінше, дау тудырған асфальттың астыңғы қабаты екен. Яғни қиыршық тас шашылмау үшін үстін бекіткен. Ал келер жылы үстінен тағы да асфальт төселеді. Демек, ешқандай заңбұзушылық жоқ дейді.

Еркін Карин, тілші:

Кәсіпкердің айтуынша, ол 2 шақырымдай жол төсеуі керек. Қазір оның тек 150 метрі ғана жартылай салынған. Ал биыл Орал қаласы бойынша 67 көшені жөндеуге 8 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаржыға ұзындығы 70 шақырым жол салынған.  

Еркін КАРИН