Елде құқық қорғау жүйесінің басшылары ауысты

Елде құқық қорғау жүйесінің басшылары ауысты
11 желтоқсан, 20:00

Бүгін елде құқық қорғау жүйесінің басшылары ауысты. Бұған дейін Бас прокурор қызметін атқарып келген Жақып Асанов Жоғарғы сот төрағасы болып тағайындалды. Ал Бас прокурор лауазымын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаров атқарады.

Президент ұсынған жаңа лауазым иелерінің кандидатурасын Сенат депутаттары мақұлдады. Мемлекет басшысы Қазақстан "сот-құқықтық қорғау жүйесінің" жаңа кезеңіне аяқ басқанын айтты. Су жаңа басшылардың тиімді және қарқынды жұмыс істеуі керектігін ескертті. Бұл жүйеге ілгерілеушілік пен әділдік әкелуі тиіс, деді президент. Жоғарғы соттың жаңа төрағасы тапсырмалардың орындалатынына уәде берді. Ал бұрын өзі басқарған прокуратура енді жаңа бағытта жұмыс істейтінін атап өтті. 

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сот төрағасы:

22 жыл өзгермеген заң өзгерді, жаңа заң қабылданды. Алғаш рет тарихымызда прокуратураның структурасын Елбасы өзі бекітті. Ол да болмаған нәрсе. Бұрын кеңес одағынан өзгермей келе жатқан. Көп жоспарлар бар, бүгін қол қойылған заң құқыққорғау саласын жаңғырту бойынша заң жобасына қол қойылды.

Жоғарғы сот төрағасы болған Қайрат Мәми Конституциялық кеңес төрағасы болып тағайындалды. Ал ол қызметті бірнеше жылдан бері атқарып келген Игорь Рогов зейнетке шығады. Сондай-ақ бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы тағайындалды. Қайрат Қожамжаровтың креслосына оның бұрынғы орынбасары Алик Шпекбаев жайғасты. Ұжымға жаңа басшыны таныстырған Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков оның алда тұрған міндеттерді орындай алатынына сенім білдірді.