Ақтөбелік көлік жүргізушілері газ құю бекеттерінде сағаттап кезекте тұруға мәжбүр

Ақтөбелік көлік жүргізушілері газ құю бекеттерінде сағаттап кезекте тұруға мәжбүр
13 желтоқсан, 20:00

Ақтөбеде тағы да газ тапшы! Бүгін таңнан бері газ құю бекеттерін жағалаған көліктердің кезегі жүздеген метрге жеткен. Жауапты мекеме өкілдері болса: «Біз қажетті газ көлемін бөліп отырмыз, бар кінә тасымалдаушылардан», - дейді. Мәселенің мән-жәйін Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбелік көлік жүргізушілері бүгін әбігерге түсуде. Себебі газ құю бекеттерінде ұзын сонар кезек. Ең қызығы, дәл осындай жағдай соңғы рет бір апта бұрын ғана болған еді.

Тұрғындар басқа шаруасын ысырып қойып, газ үшін бірнеше сағаттап тұруға мәжбүр. Ал, кейбір жерлерде тек талонмен ғана жібереді. Жүргізушілер мұнайлы өңірдің газдан тарығуы қисынға келмейді деп ашынады.

Алтай Келесов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Таба алмайсың газды. То по талоноам, то частниктер сатып алып қояды дейді, газ жоқ дейді басқа. Кезекте екі сағат тұрдым. Мен енді баламды больницаға апаруым керек еді, қалай апарасың, газ жоқ.

Аманжол Исағалиев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Микрорайонды айналып келе жатырмын, жоқ. По талонам везде, барлық жерде. 1 сағат болды айналғаныма.

Облыстық энергетика басқармасы басшылығының айтуынша, биыл өңірге жеткізілетін газ көлемі бірнеше мәрте  көбейтілген. Министрлік қажетті отын көлемін беріп отыр.

Дастан Аманов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Жылдың басында аймақта газ тұтыну көлемі 5200 тонна болды. Мамыр айында квотаны 7500 тоннаға көбейттік. Қыркүйекте 8200, ал желтоқсан айында министрлік 9500 тонна деп бекітті. Әкімдік өз міндетін орындап отыр. Зауыттардан газды жеткізу  жұмысы арнайы кесте бойынша жүруі тиіс.

Ал облыстық газ тасымалдаушылар қауымдастығы мамандарының айтуынша, соңғы тапшылыққа тасымалдаушы ұйымның салғырттығы себеп болып отырған көрінеді. Яғни олардың құжаттары дұрыс болмағандықтан, мұнай компаниясынан келетін газды уақытында ала алмай отыр.

Алтынай Мұқанова, облыстық газ тасымалдаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:

Желтоқсан айына бөлінген тұтыну көлемі 800 тоннаға артық. Бізге  9 000 тонна Жаңажолдағы зауыттан берілді. 500 тонна Теңізшевройлдан берілуі  тиіс. Ал онда газ қымбат. Оған қарамай, ала берер едік, бірақ тасымалдаушы компания Теңізшевройлдан аккредитациядан өту керек. Ол құжат қазір болмағандықтан,  500 тонна жетпей тұр.

Мамандар облыста газға көшкен көліктер саны 36 мың шамасында дейді. Алайда бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі жүргізушілер газ қондырғысын орнатқан соң оны арнайы орындарға тіркетуге асықпайды екен. Бұл жағдай өңірдің газ тұтыну көлемін дәл анықтауға кедергі болып отыр. Энергетика басқармасының басшылығы жағдайды тез арада түзеуге тырысатынын айтты.

Жақсыбек Кемал