«Қазақстан-Қытай» газ құбырында жаңа компрессорлық станция іске қосылды

«Қазақстан-Қытай» газ құбырында жаңа компрессорлық станция іске қосылды
13 желтоқсан, 20:00

«Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбыры қуатын ұлғайтты. Бүгін нөмірі үшінші компрессорлық станция іске қосылды. Бұл - биылғы жылы ашылып отырған екінші станция. Жалпы 9 жылда газ құбырының бойында 11 компрессорлық станция салынды. Құрылысқа 15 мың адам тартылды. Ал кезекті жаңа станция тағы 100-ден астам тұрғынның екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік береді.

«Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының жаңа, нөмірі үшінші компрессорлық станциясы Жамбыл облысындағы Айша бибі ауылының маңында орналасқан. Және ол құбырдың «С» желісінде жоспарланған сегіз станцияның бірі. Газ айдау станциясы «ҚазТрансГаз» ұлттық операторының Астанада орналасқан диспетчерлік орталығымен онлайн режимде іске қосылды. Жаңа компрессорлық станция әлемдегі озық өндірушілердің соңғы үлгідегі қондырғыларымен жабдықталған. 

Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі:

Көрші облысымызға тәуелді болған жылдарымыз болған. Соның бүгін Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральді газ құбыры қосылғалы бері біз өзімізді газбен қамтып, одан артылған газды экспорттайтын жағдайымыз бар.

Жалпы 9 жылда құбыр арқылы 200 млрд текше метр газ тасымалданды. Трансұлттық бағыт орталық Азияны толықтай басып өтіп, Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Қытай сияқты 4 елді біріктіреді. Жоспарға сай, алдағы жылы тағы 2 компрессорлық станция салынады. Барлық станциялар іске қосылғанан кейін жылына 55 млрд текше метр газ тасымалдауға қауқарлы болмақ. Құбырға қуаттылық қосқан станция еліміздің оңтүстік аймақтарын көгілдір отынмен қамтып қана қоймайды, сонымен қатар қазақ газын Қытайға экспорттайды.

Сауат Мыңбаев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Бейнеу-Бозоймен тасымалданатын биылғы жоспарланып отырған газдың көлемі, барлығы, мысалы, Қытайға айтатын болсақ, мүмкін, 5 млрд-тай тасымалдармыз. Бірақ оның аздау көлемі қысқа келеді. Мөлшері 2 млрд-тай қысқы уақыт, арғысы жазғы уақыт. 4,5 млрд оңтүстікке барады.

Үшінші компрессорлық станция магистральды құбырдың 448-ші шақырымында орналасқан. Бұл жергілікті тұрғындарға да кәсіп табылды деген сөз. Осы станцияда 100-ден аса адам тұрақты істесе, салу барысында 1113 адам тартылыпты. Нәпақа тауып жүргендердің 90 пайызы - жергілікті халық.

Айгүл ӘДЕПБАЙ