Жылға жуық жұмыс істемеген «Павлодартұз» кәсіпорнының еңбеккерлері таратылмаған

Жылға жуық жұмыс істемеген «Павлодартұз» кәсіпорнының еңбеккерлері таратылмаған
14 желтоқсан, 20:00

Бір жылдай бұрын жұмысын тоқтатқан «Павлодартұз» серіктестігінің еңбеккерлері жұмыстан қуылмаған. Олар осы уақыт аралығында тиісті жалақысын алып отырған. Бұл туралы "Астана" арнасына жер қойнауын пайдалану басқармасының өкілдері айтты. Былтыр қарашада кәсіпорынның жерді пайдалануына рұқсат беретін 25 жылдық келісімшарт мерзімі аяқталған. «Павлодартұз» оны ұзарту туралы өтініш түсіріпті. Алайда, бұған біраз уақыт керек. Жобалық құжаттарды әзірлеп, сараптамадан өткізу, оны бекіту мен қосымша келісімшарт дайындалуы тиіс. Осының салдарынан кәсіпорынның жұмысы тоқтап қалды.

Айта кетейік, компанияға қарасты кен орындары жылына 110 мың тоннадай тұз өндіреді. Өнімнің 90 пайызы экспортқа жөнелтіледі.

Дәулет Есмахамбетов, Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

Кәсіпорын келесі жылы өндіріске кіріседі. Дайындық шаралары толықтай жүргізілді деуге болады, яғни өндіріске дайын. Компанияның басшылығымен үнемі байланыстамыз.