«ҚазТрансОйл» компаниясының 20 жылдық мерейтойына орай бірегей кітап жарыққа шықты

«ҚазТрансОйл» компаниясының 20 жылдық мерейтойына орай бірегей кітап жарыққа шықты
15 желтоқсан, 20:00

«Қара алтын дариясы». «ҚазТрансОйл» компаниясының 20 жылдық мерейтойына орай бірегей кітап жарыққа шықты. Басылымда мұнай тасымалдау компаниясының қалыптасуы мен тарихы, жетістіктері айтылган.

Салмақты кітаптың мазмұны да осал емес. «Storytelling» форматында жазылған туындының авторы - журналист Таңат Қажманов. Кітапқа 20 жыл ішінде орын алған елеулі оқиғалар мен жобалардың куәсі болған ардагерлердің естеліктері арқау болған. Тәжірибелі жұмыскерлер, басшылар мен өндіріс озаттарының ой-пікірлері де қамтылды. Салада жылдар бойы тер төккен азаматтар кітапты толықтыруға барынша ат салысып, әр оқиғаға қатысты естеліктерді там-тұмдап жинаған.

Берік Саяхов, «Қара алтын дариясы» кітабының редакциялық алқа мүшесі, «ҚазТрансОйл» АҚ техникалық саясат департаментінің директоры:

Өзімнің жас кезімнен схеманы сызып, ескі схемаларды жинап, бір бөлек папка арнап соған тігіп, сөйтіп отыратынмын. Неше жылдан кейін сол схеманы алып, бір емес менде 5-6 схема болған. Соның 2-3 алып көрсетіп едім, болады-ау дегендерін, редколлегия мүшелері бәрі қуанып кетті.

Кітаптың бірегейлігі - заманауи «ҚазТрансОйл» АҚ құрылған күннен бастап бүгінге дейінгі деректері, айтулы оқиғалар мен бұрын жарық көрмеген фотосуреттердің қамтылуы,- деп атап өтті компания директорының бірінші орынбасары Алексей Пирогов.

Кітапқа сонымен қатар, еңбек өтілінің жиынтығы жүздеген жылдармен есептелетін еңбек династияларының тәжірибелері енгізілген. Ғұмырының 40 жылдан астам уақытын мұнай-газ саласына арнаған білікті маманның бірі - Расима Закирова. Сонау 1974 жылы Уфа мұнай институтын бітіріп келген жас қыз, жылдар өте, салаға біте қайнасып кеткен.

Расима Закирова, мұнай-газ кешенінің ардагері:

Бұл кітап «ҚазТрансОйлдың» барлық буын жұмыскерлеріне қызықты болады деп ойлаймын. Жалпы мұнай-газ саласына қатысы бар адамдарға қажетті дүние екені анық. Кітап мұнай компанияларына да, студенттерге де аса керек. Мұнда «ҚазТрансОйлдың» тарихы өте ықшамдалып берілген. 20 жылда атқарылған шаруа өте көп. Осы кітапты дайындауға қатысқаным үшін менің кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.

20 жылдық мерейтой қарсаңында Расима Закирова да естеліксіз қалмады. «Қазтрансойл» компаниясы сый-сияпатпен құрметке бөледі. Кітапқа мұнай құбыры саласында адал еңбек еткен аға, орта және жас буын өкілдерінің жетістіктері тізілген. Айта кетерлігі, кітап «Компанияның 20 жылдығына - 20 игі іс-шара» жоспары аясында басылып шығарылды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ