Өзбекстандықтар Қазақстаннан азық-түлік әкетуде

Өзбекстандықтар Қазақстаннан азық-түлік әкетуде
21 желтоқсан, 20:00

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлеріне сұраныс күрт артып кеткен. Жұрт мұның себебін тауарлардың шекара асуымен байланыстырады. Яғни көршілес Өзбекстанның азаматтары бізде өндірілетін азықты молынан әкетіп жатқан көрінеді. Салдарынан жергілікті халыққа жетпей жатыр. Біздің тілшіміз қазақ-өзбек шекарасына арнайы барып, сауда-саттықтың қалай жүріп жатқанын көзбен көруге тырысты. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Азық -түлік тауарларының саудасы «Жібек жолы» өткізу пунктінің  түбінде-ақ қызып жатыр. Жолдың екі бетінде де көтерме сауда нүктелері орналасқан.  Байқағанымыздай, ең көп өтіп жатқаны негізінен сұйық май мен  тәттілер екен.

Жібек жолы ауылы аумағындағы бекетте шекарадан өтушілердің қарасы бүгін де қалың. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, соңғы екі апта көлемінде көрші елден азық-түлік алу үшін арнайы келетіндердің қатары әдеттегіден едәуір артқан. 

Айша Сатимжарова, Өзбекстан тұрғыны:

Бұл жақта продукті арзан дегесін, жаңа жылға  продуктіге келіп отырмыз. Майлардан 7-8 мың сот, теңгеге шаққанда, 400 теңге айырмасы болады. Конфеттерден де солай, 6-7 мың сом, 300-400 теңге разницасы бар конфет, Ресей, Қазақстанның «Баян сұлуы» болсын, барлығынан солай.

Көрші елдің азаматтары бағадағы айырмашылық қазіргідей қымбатшылық заманда қалтаға тәп-тәуір жеңіл болатынын айтады. Сондықтан біздің елге қыдырып келетіндерден бөлек азық-түлік үшін арнайы шекара асатындарын жасырмады.

 Шаира Ергашева  Өзбекстан тұрғыны:

Жарты бағасына арзан мұнда. Өнімдер өте жақсы, сапалы. Өзіміз ішіп-жеуге керектіні екі аптада бір келіп әкетіп жүрмін. Жолдың ашылғаны біздерге өте дұрыс болды.

Дүкен сыртында да кезек күткен адам көп. Тіпті тауар жеткізіп үлгере алмай жатырмыз дейді саудагерлер. Ал тұрғындар өзбекстандық ағайынның азық-түлік қана емес, Қазақстаннан киім алуға да ынтық екенін айтып қалды.

Айгүл Кулдашева,  Сарыағаш ауданының тұрғыны:

Өзбекстандағы соседтерім айтады 5-4 мың теңге разница бар дейді курткаларда, пальтоларда. Қазақстаннан базардан алып Өзбекстанға алып кетіп жатқандар көп, көріп жатырмыз. Содан адам да көп кеденде. Өте алмайсың көп, пробка болады.

Есесіне сатушылардың көңілі көтеріңкі. Саудалары дүрілдеп тұр. Ең бастысы тауарларына сұраныс артқан. Сол себепті бұрындары келілеп сатылатын кәмпит-күлшелерін қазір қораптап саудалауға көшкен.

Клара Күдериева, сатушы:

Күніне отыз штуктай кетеді май. -Бұрын  қалай еді?- Алдын төрт штук кетуші еді. Қазір он-отыз штуктан кетеді майлар. -Бұдан бөлек неге сұраныс көп?- Сұраныстар шәйлар, конфеттер, печеныйлар. Килолап өтуші еді бізде, қазір коробкалап кетеді, 10 коробкадан кетеді. 

Біздің елге той-жиынға немесе жұмыс барысымен келгендер көрші ел азаматтарының да қайтарда бос қайтпай артынып-тартынып бара жатқанына куә болдық. Тек олардың алған тауарының көлемі Өзбекстан тарапы енгізген шектеуден аспауы тиіс екен.

Айша Сатимжарова,  Өзбекстан тұрғыны:

Декларациямызға 10 доллардан аспау керек деген талап жазылған. Өзбекстан қайтарады. Қазақстан үндемейді, қанша алып өтсеңіз де, шектеу жоқ Қазақстанда, Өзбекстанда 10 доллардан аспау керек деп айтады.

Сарыағаштық сатушылар сөредегі азық-түлік түрлерін көбейтіп,  тауар көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Өйткені жаңа жылдың қарсаңында сауданың қазіргіден де жақсы жүретініне сенімді.