Отандық телеарналарда прайм-тайм уақытындағы жарнама қысқаруы мүмкін

Отандық телеарналарда прайм-тайм уақытындағы жарнама қысқаруы мүмкін
21 желтоқсан, 20:00

Елімізде 600 мыңдай отбасы отандық телеарналарды көрмейді. Яғни олар Қазақстанның ақпараттық алаңынан тыс өмір сүріп жатыр. Бұл туралы сенатта ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. Оның айтуынша, «спутниктік тәрелкелерді» таратып, көлеңкелі бизнес жасаушылармен күрес жүргізуге мүмкіндік беретін заң керек. Министр тап осы талаптың үдесінен шығатын құжатты Сенатта таныстырды. Жоғары палата ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша кей заңнамаларға толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екі оқылымда қарап, мақұлдады. Құжатқа сай, зорлық-зомбылыққа ұшырап, зәбір көрген балалардың суретін таратуға, көрсетуге тыйым салынады. Есесіне, танымал тұлғалардың қоғамдық орындарда түскен суретін рұқсатсыз қолдана беруге болады. Заң жобасының мемлекеттік қызметкерлерге қатысты тұсы да бар. Яғни олар енді журналистердің сауалына бір апта көлемінде жауап беруі тиіс. Дәурен Абаевтың айтуынша, телеарналарда прайм-тайм уақытындағы жарнама реттеліп, қысқарады. Министр қазір көрерменнің 1 сағатта 45 пайыз жарнама көретінін де айта кетті.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

600 мың отбасы спутниктік тәрелке орнатады да, оны QIWI-кошелек арқылы төлейді. Бұл заңсыз. Мүмкін, олар оффшорлық компаниялар шығар. Осы заң арқылы біз «көлеңкелі тәрелкелерді» таратушыларды әшкерелейміз. Бұған дейін олардың жұмысы заңмен реттелмейтін. Ондай спутниктік құрылғыларды орнатқан азаматтарға әкімшілік шара қолданылмайды. Тек таратушыларға қарсы шара қолданамыз, заңға сай жұмыс істетеміз.

Сенат сондай-ақ кедендік реттеу туралы және жер қойнауын пайдалану бойынша заң жобаларын қабылдады. Бірінші құжат кедендік рәсімдерді толық реттеуге мүмкіндік берсе, екіншісі геологиялық барлау жұмыстарына инвестицияны көптеп тартуға жағдай жасамақ. Бүгінде елімізде геологиялық барлау жұмыстары жасалатын жердің 1 шаршы метріне 7 доллар жұмсалады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Басқа елдермен салыстырғанда, Канада, АҚШ, Чили, Австралия олар көбіне үлкен ақшаларды осындай жұмыстарға жұмсап жатыр. Мысалы, Америкада 160$, Австралия, Канадада 200$ маңайында. Сондықтан осы қабылданатын заң кодексі геологиялық барлауға жаңа инвестиция тарту үшін әзірленген заң жобасы.