Қазақстан азаматтары Біріккен Араб Әмірліктеріне визасыз қатынайды - СІМ

Қазақстан азаматтары Біріккен Араб Әмірліктеріне визасыз қатынайды - СІМ
25 желтоқсан, 20:00

Қазақстан Солтүстік Кореяның биылдың өзінде 14 рет баллистикалық зымыран ұшыру әрекетіне қатысты қарсылығын білдіреді. Және әлемдік қауымдастықтағы айыптауларға қосылады. Бұл туралы Мәжілістегі үкімет сағатында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді. Мұнан бөлек жиында әлемдік экономиканың 34 пайызына ие болып табылатын Азия бағытындағы сыртқы саясат сөз болды. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қазақстан шикізат экспорты бойынша Азия елдері арасында Қытаймен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Өзге мемлекеттермен де өзара байланысты жақсарту мақсатында мемлекеттік органдармен көп жылдық стратегиялық жоспар жасалуы маңызды. Себебі Азия елдерімен сауда-экономикалық сенімді байланыс орнатудың Қазақстан үшін маңызы зор.

Жалпы, Азия құрлығындағы елдермен қарым-қатынас ойдағыдай. Тек, бұл жолы біздің тарап қабағы қатулы Солтүстік Кореяға қатысты нақты пікірін білдірді.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

КХДР ядролық зымыран бағдарламасы - өңірдегі қауіп-қатердің бірі болып саналады. Солтүстік Корея тек 2017 жылы 14 баллистикалық зымыран ұшырды және 6-шы ядролық сынақ жақсы өткенін мәлімдеді. Біз Пхеньяннің ядролық қарусыз болашақты қамтамасыз ету үшін ұжымдық күш-жігерге нұқсан келтіретін жауапсыз саясатқа қатысты айыптауларға қосыламыз.

Келесі жылы қазақстандықтар үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне баратын жол жеңілдемек. Яғни Әмірлікпен арада «визасыз режим» орнайды. Бұл еліміздің экономикасына да аса тиімді болмақ. Және қос тараптың алыс-берісіне жаңа деңгейде жол ашылады деген сөз.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Біз екі жақты келісімге қол қойған болатынбыз. Қазір барлық паспорт бойынша визасыз сапар шегуге мүмкіндік болады. Біз барлық рәсімді өткіздікенді Араб Әмірлігінен хабар күтіп отырмыз.

Соңғы 12 жылда Қазақстан шет елдерден 250 миллиард доллар инвестиция тартқан. Алғашқы ондықтағы бір мемлекет қана Азия құрлығынан. Ол - көршілес Қытай. Сарапшылар алдағы уақытта әлем экономикасын ілгерлететін мемлекеттер қатарында Азия елдерінің үлес салмағы артады деп болжайды. Сондықтан бізге шығыс елдерімен әріптестік орнату маңызды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бүгінде жағдай өзгеріп келеді. Сарапшылар экономикасы қуатты 20 ел болса, оның 13-і Азия елдерінен шығады деп отыр. Осыған орай біздің мемлекеттік органдар әріптестікті күшейтіп, көп жылдық стратегиялық жоспар даярлауы тиіс.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Әлемдік экономиканың 34 пайызы Азия елдерінің еншісінде. Осыны ескерсек, Қазақстанның жақын көршілермен сенімді қарым-қатынас орнататын  жақсы мүмкіндіктері бар, - деді Қайрат Әбдірахманов.