Мумбай мен Нью-Йоркте болған алапат өрт ондаған адамның өмірін жалмады

Мумбай мен Нью-Йоркте болған алапат өрт ондаған адамның өмірін жалмады
29 желтоқсан, 20:00

Әлемнің ең ірі қалаларында бір мезетте болған алапат өрттен ондаған адам ажал құшты. Үндістанда мейрамханалардың бірінде болған төтенше оқиғадан 15 адам көз жұмды. Басым бөлігі туған күн тойлап жатқан қыздар. Ал Нью-Йоркте болған тілсіз жау 12 адамның өмірін жалмады.

Мумбайдағы танымал клубтардың бірінде болған туған күн кеші 15 адамның өмірін қиды. Куәгерлердің айтуынша, өрт "Лондан Такси" пабында тұтанған, содан соң бүкіл ғимарат отқа оранды. Мына видеода көрініп тұрғандай, клубтың үстіңгі бөлігі түгелдей күлге айналды. 

Сыртқа шығып үлгергендердің айтуынша, барлығы қас қағым сәтте орын алады. Қонақтар арасында дүрбелең шығып, ғимарат ішінде қатты қысым пайда болған. Алдын ала болжам бойынша, өрт тоқтың қысқа тұйықталуынан болған сыңайлы. Полиция әзірге қандай бір мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бұл уақытта Нью-Йоркте де төтенше жағдай тіркелді. Оны жергілікті билік соңғы 25 жылдағы ең ірі өрт оқиғасы деп отыр. Мұнда тұрғын үй отқа оранды. 12 адам қаза тапқан, арасында бір бала бар. Тағы 4 адам ауыр хәлде, жансақтау бөлімінде жатыр.

Мейрам күндері осындай қайғылы жайт болғаны өкінішті. Отбсылар барлығы бір дастархан басына жиналды. Көпшілігі бүгін өз жақындарын жоғалтты. Бұл соңғы 25 жыл ішіндегі ең ірі өрт оқғасы. 

Қызыл жалын көрші пәтрлерге лезде тараған. Құтқарушылар бірер минутта жетсе де, ауыздықтап үлгере алмаған. Бұл өрт қауіптілігі бойынша төртінші деңгей деп тіркелді. Тілсіз жауды сөндіруге 150 құтқарушы қатысқан.

Дэниэл Нигро, Нью-Йорк өрт сөндіру қызметінің комиссары:

Мен баспалдақта бірден балаларды байқадым. Күртешесіз, іш киіммен тұр екен. Олардың тоңып қалғанын, құтқарушыларды күтіп, бүрсеңдеп тұрғанын көрдім.

Құтқарушылар 14 адамды аман алып шықты. Әзірге олар көрші аумақтағы мектепке орналастырылды. Өрттің нақты себебі әлі анықталуда.

Орман өрттері де АҚШ пен Испанияның берекесін қашырды. Майоркада билік 60 үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірді. Жағдайды құрғақ климат пен қатты жел ушықтырып тұр. Испанияда 75 гектар орман өртенген. АҚШ-та қызыл жалын Лос-Анджелске дейін жетті. Билік тұрғындарды эвакуациялауға асықпай отыр.