Жаңа жыл мерекесімен құттықтауда ретро байланыс түрін пайдаланушылар едәуір артқан

Жаңа жыл мерекесімен құттықтауда ретро байланыс түрін пайдаланушылар едәуір артқан
29 желтоқсан, 20:00

Жаңа жыл мерекесіне орай алыс-жақындағы ағайын-туысын телеграмма немесе ашық хат жіберу арқылы құттықтауды жөн көретін жерлестеріміз де бар екен. Мәселен, бірқатар шымкенттіктер сыйлықтың осындай түрін таңдапты. Жеделхаттар бүгінде ретро байланыс түріне айналғаны белгілі. Бір қызығы, мұндай қызмет түрін пайдаланушылар қатары жылдағыдан едәуір артып отыр. Алматылықтар да жақын-жұрағатын өзінше құтттықтап жатыр. Ғаламтордың дамыған дәуірінде телеграмма мен хат-хабардың үзілмеуіне себепкер болып жүрген азаматтармен әріптесім Айзада Төребекқызы тілдесіп қайтты.

-Саламатсыз ба!  -Саламатсыз. -Өзбекстанға телеграмма жібермекші едім. -Телеграмма, бланк толтырасыз. Анау образец бар, соған қарап жазсаңыз да болады.

Шымкенттік Алик Садықов Өзбекстанда тұратын бауырын Жаңа жылмен құттықтамақшы. Отбасылық мерекеге ерекше көңіл бөлетін жігіт ағасы көрші мемлекеттегі ағайынымен бір дастархан басында кездесе алмағанына аздап қамығады. Әйтсе де өзімді көргендей әсер сыйласам дейді. Ыстық лебізін жеделхатпен жеткізбекші. Ағатайым мейрам қарсаңында тосын сыйымды көріп, қуанып қалатын болды ,-дейді . 

Бізде Жаңа жылдық жеңілдіктер болып жатыр. ТМД елдеріне 50 пайыз жеңілдіктер. Қазір телеграммаңызды есептейміз.

Алик Садықов, Шымкент қаласының тұрғыны:

Ватсаппта жібереді адамдар, скайпта жібереді. Біз енді баяғы телеграммаға үйреніп, телефонограмма, сол арқылы баяғы өзі жолы бар, сондай  қуансын деп жіберіп жатырмыз. Қағаз жіберіп, содан кейін жазған сөзімізді оқып қуансын деп.

Жылдам жеделхат үш сағатта діттеген адамның мекен-жайына жетеді. 34 жылдан бері жеделхат қабылдап жүрген Қазақтелеком мекемесінің операторы Сана Әбдікерімова соңғы уақытта байланыстың бұл түрі ретро қызмет түріне айналғанын жасырмайды. Айтуынша, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін күніне жүзден астам телеграмма қабылдайтын болған. Тек қалта телефондары шыққалы  байланыстың бұл түрін қолданушылар күрт  азайып кетті дейді. Байқауынша биыл телеграмма жіберушілер қатары анағұрлым артыпты. Тіпті өзі де туыстарын осылай қуантуды құп көретінін айтып қалды.

Сана Әбдікерімова, «Қазақтелеком» АҚ жеке тұлғаларға қызмет көрсету орталығының операторы:

Жаңа жылдың қарсаңында бізде осылай мерекемен құттықтаушылар өте көп. Организациялар құттықтайды, жеке тұлғалар құттықтап жатыр. ТМД елдеріне 50 пайыздық жеңілдіктер, 25 желтоқсаннан бастап  7 қаңтарға дейін 50 пайыздық жеңілдік болып жатыр.

Жаңа жылдық жылы лебіз Алматы жұртшылығы үшін де маңызды. Тұрғындардың басым бөлігі технологияның дамыған заманында, негізінен, телефонға жүгінетінін айтып отыр. Ал ескі дәстүр, яғни Қазпошта арқылы хат жазу тек жұмыс бабында, шетелге құжат жіберу кезінде ғана қажетке жарайды екен.

Ватсапп арқылы, телефон арқылы, солай жіберемін. Қазіргі заманда бәрі ұялы телефонмен жібереді ғой. Қазпоштамен тек шетелге посылка жібермесек, былай қолданбаймыз.

Бұрындары хат жазып, Қазпошта арқылы жіберіп құттықтайтынбыз. Открыткалар болған. Қазір ватсаппен, телефонмен, интернетпен.

Дей тұрғанымен, мегополисте әлі де болса Қазпошта қызметіне жүгінетіндер бар. Оны филиалдың пошта қызметі басқармасының басшысы да растап отыр. Надежда Забурина мереке қарсаңында хат жолдаушылардың қаптай түсетіндігін айтуда. Орта есеппен айына 120 мың хат жіберіледі екен. Бұл жылылық пен жақындығыңды одан сайын арттыра түсетін қадам дейді. 

Надежда Забурина, «Қазпошта» АҚ Алматы филиалы пошта қызметі басқармасының басшысы:

Мереке қарсаңында біздің клиенттеріміз көбейе түседі. Олар жақындары мен туыстарына, сүйіктілеріне өз қолымен жазылған хаттарын, құттықтауларын жіберіп жатады. Республика өңірлеріне ғана емес, шет елдерге жіберілетін хаттар бар. Бұл, әрине, адамдардың технология мүмкіндігінен гөрі, қолыңмен жазылған хат әлдеқайда ыстық деп ойлайтынынан болар. Бізге түскен хат жіберілетін өңірдің қашықтығына қарай 2 мен 6 күн аралығында жеткізіледі.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Мереке қарсаңында дос-жаран, ағайын-туыс, бауырларына пошта арқылы сәлем-сауқат жіберіп те құттықтап жатқандардың барына куә болдық. Ең бастысы, жаңа жылға ерекше көңіл бөлетін көпшілік  жақындарына тосын сый жасап, қуантудан әсте жалықпайды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ