Алматыда 60-тан астам су ұңғымалары санитарлық қадағалаусыз қалған

Алматыда 60-тан астам су ұңғымалары санитарлық қадағалаусыз қалған
03 қаңтар, 20:00

Алматыда эпидемиологиялық қауіп тудыратын су ұңғымалары анықталды. Халықтың денсаулығына зиянды тіршілік нәрін тарататын 56 құдық жабылуы мүмкін. Санитарлық қадағалау мекемелері әзірге олардың иелерін ескертумен шектелді. Биылғы үш айда жаппай тексеру жүргізіледі. Жер астынан су тартып, тұрғындарға таратумен айналысатын жекеменшік кәсіпорындар тиісті талаптарды орындамаса, қылмыстық жазаға тартылады, дейді маманадар. 

Алматыға соңғы жылдары қосылған елді мекендерде ауыз су проблемасы түбегейлі шешілмей тұр. Мәселен, Наурызбай ауданындағы 52 су ұңғымасы жеке адамдардың қолында. Қазір ауданда старатегиялық маңызды нысандарға есеп жүргізіліп, құжаттары тексеріліп жатыр.  Осындай мәселе Алатау ауданында да кездеседі. Ертерек құрылған әкімшілік аймақтарда халықтың 82 пайызы ауыз суды орталықтандырылған су жүйесінен алады. Өзгелері жекеменшік құдықтардың суын тұтынуға мәжбүр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алматыда 60-тан астам құдықтар қазір жекенің қолында қалып отыр. Жергілікті санитарлық қадағалау басқармалары оларды қазір жіті бақылауға алған. Соның бірі менің артымда тұрған нысан да былтыр Алматы аумағына кірген «Рахат» елді мекенінде орналасқан.

Былтыр ғана қалаға қосылған «Рахат» шағын ауданында мыңнан астам отбасы тұрады. Халықтың тең жартысын ауыз сумен қамтамасыз ететін Ермек Күздеудің иелігінде екі құдық бар. Эпидемиологтар былтыр оларды тексеріп, айыппұл салған соң, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Ермек Күздеу, «Рахат мәдениет-2012» тұтыну кооперативінің төрағасы:

Санитар мамандар тұрғын үйлеріндегі краннан су алып, зертханалық тексеру жүргізіп қорытынды шығарды. Мүмкін, ол үйдегі құбыр таза емес шығар. Бірақ біз мемлекеттік мекеменің ескертуіне қарсы шыққан жоқпыз. Ұңғыманы жаптық та, күрделі жөндеу жүргіздік. Қазір құжаттар рәсімделсе, екінші құдықты да іске қосамыз.

Мамандар Алматыда 56 ұңғыманың тиісті талаптарға сай жұмыс істемейтінін анықтаған. Прокуратураның пәрменімен олардың әрқайсысына 40 мың теңгеден айыппұл салыныпты. Суды зертханалық тексеруге жіберуге және айналысын қоршап, заласыздандыратын қондырғылар қоюға нұқсау берілген. Өйтпеген жағдайда нысандарды мәжбүрлі түрде мемлекет қарамағына алуға шешім қабылданады.

Ерік Дүйсембаев, Алатау ауданы қоғамдық денсаулықты сақтау бөлімінің бас маманы:

Оларды қабылдау үшін ең бастысы талаптарға сай болуы керек. Бізде ауданға өткен шағын аудандарда ұңғымалардың жағдайы өте төмен. Оларды әзірше қабылдауға мүмкіндік болмай отыр. Және белгісіз болып отыр - кімнің суды қай жақтан қосып алғаны.

«Алматы су» холдингінің дерегінше қалада халықтың 95 пайызы орталықтандырылған су желсінен ауыз су тұтынады. Ал жеке ұңғымалардың үлесі 5 пайыз. Қаланың коммуналдық кәсіпорны су желісін тартып үлермеген шағын аудандарда олар жұмысын жалғастыра бермек. Тек санитарлық талаптар қатаң қадағаланатын болады, дейді СЭС мамандары.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ