Ақтөбеде бір жасар бала анасының салғырттығынан соқыр болып қалды

Ақтөбеде бір жасар бала анасының салғырттығынан соқыр болып қалды
11 қаңтар, 20:00

Ақтөбеде бір жасар сәби анасының салғырттығынан соқыр болып қалды. Баласының тағдырына бей-жай қараған 29 жастағы келіншек аналық құқығынан айрылды. Ал, зағип бүлдіршін бөбектер үйіне берілген. Үлкен үш баласы кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Туа сала тағдыр тауқыметін тартқан сәбидің жағдайын Жақсыбек Кемал көріп келді. 

Полицейлердің сөзінше, үнемі спиртті ішімдік ішуден аузы босамайтын анасы бала тәрбиесімен айналыспаған. "Сәбиінің денсаулығына зақым келтірді" деген күдікке ілінген әйелге қатысты қылмыстық іс те қозғалған. Мас күйінде баланың көзіне дәрі емес, басқа бір сұйықтықты құйып жіберген болуы мүмкін деген болжам жасалыпты. Дегенмен, сараптама нәтижесі сәбидің көзі аурудың асқынуы салдарынан көрмей қалғанын көрсеткен.

Ерболат Сарқұлов, облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Бұл дерекке қатысты сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижесі бойынша баланың көзі көрмеуіне әйелдің қатысы жоғы анықталды. Қазіргі таңда қылмыстық іс тоқтатылды.

Қазір бір жастағы Александр сәбилер үйінің қамқорлығында. Мамандар: «Оның жағдайы бірқалыпты, дамуында тежеліс жоқ», - дейді. Алайда, көз жанары енді емдеуге келмейді екен. Сондықтан мүгедектігін  рәсімдеу үшін құжат дайындалып жатыр.

Қадірбек Иманбаев, «Үміт» сәбилер үйінің директоры:

Қазіргі жағдайы жақсы. Көзінен басқа органдарында ешқандай патология анықталған жоқ. Бойы, салмағы жасына сай. Бала белсенді, қозғалысы, бәрі қалыпты жағдайда.

Әйелдің 5 пен 8 жас аралығындағы үлкен үш баласы қазір кәмелет жасына толмағандарға арналған бейімдеу орталығында. Олармен психологтар мен логопедттер жұмыс істеуде. Енді бір айда соң балалар үйіне жіберіледі.

Зарина Жақыпова, қалалық білім бөлімінің инспекторы:

Дәулеталинова Лиза аналық құқығынан айрылған соттың шешімімен. Балалары некесіз туылған. Сол себепті қазір балалар "Алға" балалар үйіне орналасуға құжат жинақталуда.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал Александр мына сәбилер үйінде 3 жасқа толғанша болады. Осы уақыт аралығында оны асырап алуға ниеттілер табылмаса, балалар үйіне жіберіледі.

Жақсыбек КЕМАЛ