Алматы әуежайында жүрісінен жаңылған ұшақтың ұшқышы жұмыстан шеттетілді

Алматы әуежайында жүрісінен жаңылған ұшақтың ұшқышы жұмыстан шеттетілді
12 қаңтар, 20:00

Алматы әуежайында жүрісінен жаңылған ұшақтың ұшқышы жұмыстан шеттетілді. Бұл америкалық әуе компаниясына тиесілі әуе кемесі болатын. Ұшақ шахар әуежайында ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Оқыс оқиға кеше кешкісін орын алған еді.

Перрондық агенттер тобының жетекшісі Василий Кващуктің мәліметіне сүйенсек, «UPS» әуе компаниясына тиесілі әуе көлігі нұсқаушының көрсетуімен жүруі тиіс болатын. Бірақ 20 метрге жуық қашықтық бойынша ауытқып кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Ұшақ тізгінінде болған азамат жұмыстан шеттетілгендіктен, штурвалға өзге ұшқыш отыратын болды. Толық тексерістен өткізілген соң, күні ертең әуе кемесі сапарын жалғастыратын болады. Ал АҚШ-тың федералды әуе қызметі орын алған жағдайға қатысты тексеріс жұмыстарын бастап та кеткен.

Василий Кващук, Алматы халықаралық әуежайы перрондық агенттер тобының жетекшісі:

Не себепті мұндай жағдайдың орын алғаны әзірге белгісіз. Экипаж мүшесі де нақты ешнәрсе айта алмады. Ұшқыштың белгіге мән бермей жүрісті не үшін жалғастырғаны түсініксіз. Қайта жолаққа арнайы техниканың көмегімен сүйреп шығардық. Бастысы, әуе көлігіне зақым келген жоқ.

Бұл Алматы әуежайында бір ай ішінде орын алған екінші жағдай. Еске салайық, желтоқсан айының басында «Эйр Астана» әуе компаниясына тиесілі тағы бір ұшақ дәл осылай жолақтан шығып кеткен еді. Алматыдан Бангкокқа бағыт алған әуе кемесі  бұрылыс кезінде батпаққа батып, арнайы техниканың көмегімен әрең шығарылған болатын. Ал жолаушылар бір күннен кейін басқа ұшаққа отырғызылды.

Олжас НҰРЖАҚЫП