Сочиде Сирия ұлттық диалогының Конгресі өтуде

Сочиде Сирия ұлттық диалогының Конгресі өтуде
29 қаңтар, 20:00

Сирия ұлттық диалогы Конгресіне 1300-дей адам қатысады деген ақпар тарады. БҰҰ Бас хатшысының Сирия мәселелері жөніндегі арнайы елшісі Стаффан де Мистура бастаған делегация Сочиге жетті. Түркия мен Иран, Ресейдің өкілдері де бар. Қазақстан, Египет, Иордания, Ирак, Ливан мен Сауд Арабиясы байқаушы ретінде қатысады. Рейтерстің хабарлауынша, конгрестің негізгі жұмыс күні 30-қаңтарға белгіленген. Қазір дайындық шаралары жүруде. Форумның басты мақсаты - Сириядағы жағдайды реттеу болып отыр. Алайда қарулы оппозиция күштері бұл конгресті елеусіз қалдырды. Сирияның басым аумағын өзіне қаратқан күрдтердің «Демократиялық одақ» партиясы Сочиге келмейтін болды. Қарулы қақтығыс аймағында қалған африндық күрдтер келіссөздерге шақырылмады, деп хабарлайды "Интерфакс". Саясаттанушылар мұнда шешімнің тез қабылданбайтынын айтады. 

Саркис Кассаргиян, саясаттанушы:

Бұл өте күрделі іс, бірақ мүмкін емес нәрсе жоқ. Астанадағы алғашқы конференцияда да осылай болған. Сол басқосуда ешкім келіссөз жасалады деп күтпеген еді. Аз уақыт ішінде тез шешім қабылданады деуге болмас, бірақ уақыт өте келе орындалуы мүмкін.

Ал сириялық Афринде түрік әскерилері мен күрдтер соғысып жатыр. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сирия жерін басып алу жоспарында жоқ екенін тағы мәлімдеді. Тек Сириямен шекарадағы аумақты «лаңкестерден» тазартпақ ниетте.