Бала бүркітші. Қыран болмыс. «Қыран-2018» құсбегілер сайысы өтті.

Бала бүркітші. Қыран болмыс. «Қыран-2018» құсбегілер сайысы өтті.
10 ақпан, 20:00

Ғарыштық деңгейдегі қадамдар ақырын ғана күрсіндіреді... Дегенмен бағана жасаған – даңғазалық пен ысырапшылық туралы материалға перпендикуляр қоятын тақырып бар. Мақтанып, масайрауға болатын дәстүр. Мысалы, құсбегілік. Қызыл сөз жоқ. Әрекет. Әдемі сурет. Эстетикалық ләззат. Болмысты қыран қанаты талар биікке көтеретін өнер.

Алматыда «Қыран-2018» республикалық құсбегілер сайысы өтті. Еліміздің 10 өңірінен 60-қа жуық құсбегі қатысты. Олар үш күн бойы қолға үйреткен құстарының бабы мен бағын сынады. Басты кейіпкерлері бала бүркітшілер болып табылатын Олжас Нұржақыптың репортажы.

Жарыстағы ең жас бүркітші - Ерсұлтан. Жасы 12-де. Ал, қолындағы қыраны 11-ге толған.  Жеті атадан жалғасқан құсбегілік өнерден Ерсұлтан қалай құралақан болсын?! Алғаш 8 жасында қолына құс алған жеткіншек, қазір ер жігіттей «Дауылын» баптап келеді.  

Ерсұлтан Жұмағұл, бала бүркітші ( 12 жаста )

Бүркіттің аты Дауыл. Жел тұрған кезде өзі ұмтылып тұрады да желге. Дауыл сияқты мықты.

13 жастағы Бегасыл да бүркіт баптауды 8 жасынан бастапты. Оның да отбасы ата-бабадан мирас болған ұлттық өнерді дамытып жүрген үлкен шаңырақ. Тіпті  әр додаға топ болып барады. Әкесі де, ағалары да қыран баптауға құмар. Оның үстіне тек бүркіт қана емес, өзге де жыртқыш құстарды асырайды екен. Бұл сайысқа  үш бауыры да келген. Осылайша 3 бүркіт пен бір қаршығаның қарымын сынап көрмек.

Бегасыл Сейітжан, бала бүркітші ( 13 жаста ) 

Бүркітім балапан, биылғы балапан. Бүркітті баптау асыл тұқымды жылқыдан да қиын. Бүркітті баптау оңай емес. Екінің бірінің қолынан келмейді. Маған бүркітті баптауға ағам мен әкем көмектеседі. Және осылай ұшырады деп қателіктерімді айтып, көрсетіп жүреді.

Ал «алғаш әкемнің жанында қағушы болдым. Енді міне, өз бүркітімнің бағына сеніп келдім» деген Әзіл Шаймарданұлы болса құсбегілікпен 20 жылдан бері айналысып келеді. "Қандыкөз" деп ат берген қыранын 3 жыл бұрын түзден қолға түсіріпті. Мұның ерекшелігі бар.

Әзіл Шаймарданұлы, құсбегі:

Бұлардың ұстаған құстарының бәрі қолбала дейді. Ұядан алынған балапан екен. Менің өзімдікі түзден түскен құс. Екеуінің бабы екі түрлі. Қолбалада әдетте адамға түсіп қалу, итке түсіп қалу деген сияқтылар болады да, түзден түскен құс адамға көп жүгірмейді.

Иә, қыран салып, аң қағу Ұлт қанында сақталған ұлы өнер. Жыл сайын иен даланы жарыс алаңына айналдырған ұйымдастырушы тарап биылғы доданы Алматы төрінде өткізгені - сол өнерді қалалықтардың, қала баласының барынша тамашалай алуы үшін.

Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:

Осыдан 30 жыл бұрын Алматының орталығында орталық стадионда бірінші рет бүркітшілердің халықаралық фестивалі өткен болатын. Рухани жаңғыру дегеніміз осы ғой. Өткен ата-бабаларымыздан қалған асыл дүниелерімізді, асыл мұраларымызды жинақтау. Келесі ұрпаққа табыстау деген сөз.

Жарысқа еліміздің 10 өңірінен 60-қа жуық құсбегі қатысты. Олардың ішінде бүркітшілер де, қаршыға, лашын, ителгі құстарын да алып келген құсбегілер де бар. Нұрымжан Дәрібаевтың қолындағы - ителгі. Ұсақ құстарды үстінен ұшып келіп тепкімен құлатады екен.

Нұрымжан Дәрібаев, құсбегі:

Лашын, ителгі сияқты құстар басқа құстарға қарағанда, бұлар құсты төбеден ұрады. Қаршығаға қарағанда. Қаршығаны жерден сала береміз. Ал бұны төбеге шығарып аламыз.

Үш күнге жоспарланған жарыстың алғашқы күнінде қыран ұстаған құсбегілерге кезек берілді. Олар қашықтықтан қанаттысын қолына қондыру әдісін көрсеткен. Бірақ шексіз далада шарықтайтын құстардың бір бөлігі қаланы қомсынды ма, иесін таппай жатты.

Олжас Нұржақып, тілші:

Қыранның аң қағуы бабынан да, бағынан да дейді. Бірақ мегополисте өткен ұлттық өнерде бабы жарасқан құстардың, бағы жанбаған тұстары да болды. Иен далаға үйренген жыртқыш құстардың жартысына жуығы алғашқы күні-ақ жарыс жолынан шығып қалды.

Осылайша, жарыстың екінші турына іріктелген бүркітшілер сайысты шырға салумен бастады. Ат үстінде түлкі терісін сүйретіп оны алу машығын шыңдады. Келесі кезең қырандарды қоянға салумен жалғасты. Бұл сында да сүрінгендер табылды. Бірі дөп түссе, енді бірі ытқыған қоян жылдамдығына ілесе алмай шетте қалып жатты. Ал ақтық сынға өткендерді айласы көп түлкі күтіп тұрды.

Бір жақсысы, құсбегілер сайысы жылда өтеді. Алайда әдеттегідей, қолдау күшті емес. Бүркітшілерге көрсетілер көмек те жүдеу көрінеді.

Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:

Бүркітті ары бері алып жүру өте қиын біздің бүркітшілерімізге. Былай транспорттар шешілді дегенменен ешкім қазір мұны түсінбейді. Тіптен автобустардың өздері алмайды. Біздің Алматы облысында ғана купе вагонменен бүкіл республикаға алып шығады.

Соған қарамастан ұлттық өнерді қолға алған жастар көп. Осыдан отыз жыл бұрын елімізде небәрі 15 бүркітші болса, қазір жүзден асқан. Барлық облыста спорт мектептері жанынан саят бөлімдері де ашылып жатқан көрінеді.

Ерсұлтан Жұмағұл, бала бүркітші ( 12 жаста )

Ұшқаны ұнайды маған. Ұшқаны, түрі, тектілігі ұнайды. Ата-бабам баққан осы бүркітті. Қызығушылығымның арқасында өзім де жалғастырамын.

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».