Тобыл өңіріндегі жеке кәсіпкерлер несие ала алмай жүр

Тобыл өңіріндегі жеке кәсіпкерлер несие ала алмай жүр
13 наурыз, 20:00

Президент бастамасымен шағын несиелеуді дамытуға қосымша бөлінген 20 млрд теңгенің 10 миллиарды ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының айналысында якорлық кооперация жобасын дамытуға жұмсалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында айтты. Сөйтіп бүгінде шағын несиелеуге 62 млрд теңге қаралып отыр. Ал аймақтардағы тілшілеріміз шағын несиелеуде қандай түйіткілдер бар екенін анықтап көрді.

Қала мен ауылдарда несие беру лимиті сараланған түрде қарастырылады. Қала мен моноқалаларда шағын несиені "Даму" қоры жүзеге асырады. Яғни қаражат екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар арқылы берілетінін айтты министр Әбілқасымова. Ал ауылдарда несие ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен микроқаржылық ұйымдар және кредиттік серіктестіктер арқылы беріледі.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Егер қаражат шаруаға жететін болса, жеңілдік берілген шағын несие 5 жылға, мал шаруашылығы саласындағы жобалар мен ауыл шаруашылығы коперативтерін құру үшін 7 жылға дейін беріледі. Ал сыйақының жылдық тиімді мөлшері 6 пайыздан аспайды.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Қосымша бөлінген 20 млрд теңгенің 14 млрд теңгесін ауылдарға несие беруге. Оның ішінде 10 млрд теңгені ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының  айналысында якорлық кооперация жобасын дамытуға жұмсауды ұсынамыз. Бұл шағын несие алатындарға өнімнің сатылуына кепілдік беруді қамтамасыз етеді.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Ал аймақтарда қарапайым шаруалар несиеге қол жеткізе алмай отыр екен. Әсіресе, қостанайлық кәсіпкерлер қиналып отырған көрінеді. Заңғар, сіздердегі жағдай шынымен түйткілді ме? Әлде шаруалардың кепілдікке қоятын мүлкі жоқ па?

Заңғар Санай, тілші:

Айгүл, дұрыс айтасың, бізде көп жағдайда кәсіптен нәсіп көргісі келетіндердің кепілдікке қоятын мүлкі жоқ. Облыстағы фермерлер одағы қожалық иелері жыл сайын көктемгі егіс жұмыстарына қаражат таба алмай қиналатынын айтты. Көбісінің кепілдікке қоятын мүлкі жоқ дейді.

Владимир Дранчук, облыстық фермерлер одағының төрағасы:

Шаруалардың көбісінде кепілдікке қоятын мүлкі жоқ. Техникалары ескі. Жердің құны да мардымсыз. Кадастрлық құнның 30 пайызы ғана бағаланады. Оған қоса түкке тұрмайтын анықтамалар мен құжаттар саны өте көп. Соларды қысқарту керек.

Бірақ өңірде, мүлкі бола тұра, қомақты қаражатқа қол жеткізе алмағандар да кездеседі. Үш жыл бұрын өз кәсібін ашқан Сәуле Қабидулова ұлттық киімдер мен сәндік бұйымдар тігеді. Қарамағында бірнеше тігінші жұмыс істейді. Қолдан шыққан өнімге сұраныс бар. Өндірісті еселеп, ұлттық нақыштағы өнімді шетелдерге шығару үшін несие ала алмай отырған көрінеді.

Сәуле Қабидулова, жеке кәсіпкер:

Қолөнер кәсібі - банк үшін өзгеше көрінетін секілді. Мүмкін, табысы аз, пайдасы жоқ, тұтынушылардың сұранысы төмен деп ойлайтын шығар. Өз пайдасын көрмей отырған да болар. Әлде бұл кәсіп бөлінген қаражатты қайтаруға қауқарсыз деп шешті ме екен? Әйтеуір несие бермей жатыр.

Заңғар Санай, тілші:

Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдай қалай? Айзада....

Айзада Төребекқызы, тілші:

Микроқаржы ұйымдары арқылы берілетін несие көлемін көбейту керек. Шымкенттегі «Ырыс» микроқаржы ұйымы директоры осылай дейді. Оның айтуынша, шағын және орта кәсіппен айналысуға 19 млн теңгеге дейінгі мөлшерде берілетін ақша аздық етуде. Өйткені ақша құнсызданып барады.

Данияр Арынғазин, «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры:

Несие алушылар саны, әрине, өте көп. Соның ішінде өзінің кәсібін дамытқысы келетіндер көптеген соманы алғысы келетіндер бар. Бірақ, мысалы, микроқаржы ұйымдарының бір ерекшелігі - біз тек қана 8 мың  МРП ғана бере аламыз. Ол шамамен 19 млн теңге болады. Ал кейбір, мысалы, кәсіпкерлер айтады, 19 млн маған жетпейді, менің кәсібіме 19 млн-нан артық кәсібіме керек. Кепіл құны жеткілікті, бірақ соммасы жеткіліксіз. Ал оларға сосын микроқаржы ұйымдарымен жұмыс істеуге ыңғайлы.

2009 жылы облыс әкімдігі жанынан құрылған ұйым құны 30 млрд теңгеге жуықтайтын 16 мыңнан астам жобаны қаржыландырған. Осы уақыт аралығында 38 мыңдай адамға жұмыс орны ашылыпты. Былтыр 6,6 млрд теңгеге 2 мыңнан астам жобаны қаржыландырса, биылғы жоспар да осындай.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейік, қаржылық ұйым рәсімдеген несиенің 85 пайызы мал шаруашылық мақсатына, өзгесі жылыжайлар мен халыққа қызмет көрсетуге бағытталыпты. Қызылордада түскен жобалардың үштен бір бөлігі ғана жүзеге асырылыпты. Шарипа, себебі қандай?

Шарипа Сақтапова, тілші:

Ия, Айзада, өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында 937 қызылордалық өздерінің бизнес-жобаларын ұсынған. Олардың 677 жұмыстарын абыроймен қорғап шығады. Десе де, тек 358 жоба жүзеге асты. Мамандардың айтуынша, қалғандарына несие тарихы мен кепілзаттың болмауы кедергі келтірген.

Салават Құлмахан, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Әсерін тигізгені несиелік өздерінің тарихтары болды, сонымен қатар кепілдеменің болмауына байланысты. Енді бұл жылы, қазір алдын ала жұмыстар жүргізіліп отыр. Кредиттік тарихтарын алып отыр ертерек. Сонымен қатар кепілдеме қоятын мүліктері толығымен зерттеліп отыр. Пилоттық жоба болған кезінде бізде көбінесе бір ай мерзімінде өздері жоба бойынша құжаттарын әзірлей алмады. Себебі ауылдық жерде құжаттары көбісінің толық болған жоқ. Сол себепті аудандарда жұмыс топтары құрылған.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Жолы болған кәсіпкерлердің жобалары 947 миллион теңгеге қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры мен аймақтық инвестициялық орталығы арқылы. Облыста су жаңа ет, шұжық, сүт, үн, макарон, кондитер цехтары, мал шаруа қожалықтары мен ұстаханалар ашылды. Жүздеген жұмыс орыны ашылды. Өткен жылы олжасыз қалған кісілер биыл жобаларын тағы ұсынып көрмек. Қазір кәсіпкерлер палатасы болашақ бизнесмендерге арнап арнайы оқыту курстарын ашты. Биыл 1600 адамды оқыту көзделген.

Шарипа САҚТАПОВА, Айгүл ӘДЕПБАЙ, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Заңғар САНАЙ.