Өткен жылы Қытайдан келген 30 мың қандас Қазақстан азаматтығын алған

Өткен жылы Қытайдан келген 30 мың қандас Қазақстан азаматтығын алған
16 сәуір, 20:00

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ауғанстаннан келіп, «оралман» мәртебесін алмақ болған 49 ауған азаматының ісін әшкерелеген. Олардың көбі іздеуде жүргендер болып шықты. Сондықтан заңсыз көші-қон ісімен айналысатан қылмыстық схемалардың жолын кесу мақсатында жұмысты күшейту қажет. Бұл туралы мәжілісте өткен үкімет сағатында айтылды. Босқындарды бақылау бойынша жұмыс неліктен босаңсып тұр? Дәуренбек Бақдәулетұлы біліп көрді.

Дәуренбек Бақдәулет,тілші:

Депутаттар алдында есеп берген ІІМ Қалмұхамбет Қасымовтың айтар жаңалығы көп. Бұл жолғы ақпаратында соңғы 3 жылда елге 5,6 млн шетел азаматы келіп-кеткенін айтты. Соның ішінде алыс шет елдерден келгендер саны 620 мыңдай адам. Заңсыз келетіндердің де қарасы қалың. Осы 3 жыл ішінде көші-қон заңын өрескел бұзудың 330 мыңға жуық дерегі тіркелген. Көбі - заңсыз еңбек мигранттары.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Жыл сайын 100 мыңнан астам шетел азаматы жауапкершілікке тартылып, он мыңдағаны елден шығарылады. Көші-қон заңын бұзған жұмыс беруші де, заңсыз көші-қонды ұйымдастырушыларға да жауапкершілік күшейді.

Ал депутаттар, Қытайдағы қандастарымызға көмек керек, дейді. Тіпті министрдің осы мәселеге араласуын өтінгендер болды.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Нұр Отан фракциясының мүшесі:

Жасыратыны жоқ, ағайын, сыбырлағанды Құдай естиді, Қытай билігінің саясаты қазаққа аса қолайлы болып отырған жоқ. Мына қандастар босып кетті, қиналып жатыр. Не істерімізді білмейміз. Оған бір тепсініп айтуға да халықаралық жағдай келе бермейді. Қалеке, сізден министр ретінде емес, азамат ретінде осы мәселені өтінген болар ем.

Ресми ақпаратқа сай, өткен жылы Қытайдан 30 мыңдай қандасымыз оралған, барлығы дерлік азаматтық алып үлгерген. 25 мыңының құжаты жеңілдетілген түрде рәсімделіпті. Министр қолдан келгенше көмек болатынын айтты. Сонымен қатар, елден көшіп кетіп жатқан азаматтар да аз емес. Мәселен, өткен жылы бір ғана ШҚО-нан 128 отбасы шет мемлекеттерге көшіп кеткен.

Елена Старенкова, ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы:

Өткен жылы бізден 128 отбасы көшті, ол 350 адам. Оның 250-і еңбекке жарамды. Бізде ауылдағы тұрғындар жаппай қалаға келіп, қоныстанып жатыр. Қалада жағдай тұрақты екені байқалады.

Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Тоқтатыңыз! Ондай ақпараттың қажеті жоқ. Мұнда көзі ашық адамдар отыр. Сіздің өңірден еңбекке жарамды мықты мамандар жаппай шетелге кетіп жатыр. Сондықтан «біздің аймақта бәрі жақсы» деп, кеудені қағудың еш қажеті жоқ.

Жиын барысында қос азаматтық алып, соңынан бұл заңсыз әрекеті әшкере болғандар жайы да сөз болды. Өткен жылы осындай 600 адам анықталған. Полицейлер азаматтықты қос-қостап ұстап жүргендердің көбі қатардағы қарапайым адамдар дейді. ІІМ әділет, ақпарат және коммуникация министрліктерімен бірігіп «электронды үй» құжаты аясында жұмыс істеліп жатқанын айтты. Қазір оған 5 млндай азамат тіркелген. Бұл әдеттегі «созылмалы пәтерлер», яғни бір үйде он-жиырма адамның тіркеуге тұруының алдын алады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Алматы қалалық мәслихаты бір адамға белгілі бір шаршы метрлер тиесілі болады деген шешім қабылдапты. Егер бір үйге бірнеше адам тіркеуге тұрғысы келсе, жүйе орын болмағандықтан, ешкімді қабылдамайды. Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко Алматы әкімдігінің бұл бастамасын өзге өңірлерге де енгізу керек деген ұсынысын айтты.