Үкімет теңге мен рубль бағамына қатысты үш сценарий әзірледі

Үкімет теңге мен рубль бағамына қатысты үш сценарий әзірледі
17 сәуір, 20:00

Сақтықта қорлық жоқ! Үкімет, АҚШ-тың Ресейге салған санкциясынан рубль бағамы өзгерсе деп, үш сценарий әзірледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты. Яғни Ресей ақшасының долларға шаққандағы бағамы - 70, 80 және 90-ға дейін бару ықтималдығы қарастырылып отыр. Мұның теңгеге қандай әсері болатыны пысықталады.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Макроэкономикалық сараптама жүргіздік. Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің өсуі қалай өзгереді деген тұрғыда зерттеу жасалды. Инфляция, жұмыссыздық деңгейі мен бюджет көрсеткіштері де қаралды. Санкциядан қандай кәсіпорындар зардап шегуі мүмкін? Оны да ескердік. Сөйтіп, Үкіметтің бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленді. Үш сценарийдің біреуі іске асып жатса, тиісті шаралар қолға алынады.

Тимур Сүлейменовтің пайымынша, доллар Ресей ақшасымен 70 рубльге жетсе де, бұл теңгенің пропорционалды түрде құнсыздануын білдірмейді. Ең пессимистік сценарий болған күннің өзінде, жалпы ішкі өнімнің өсуі сақталады. Ертең министрлік әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Мәжілісте таныстырмақ. Онда теңгенің шекті бағамы 340 деп көрсетілген. "Әзірге Ресей рублінің бағамы 61-62-нің айналасында. Оған мұнайдың бағасы да оң әсер етуде. Сондықтан қандай да бір ауқымды өзгеріс болады деуге негіз жоқ". Осылай деген министр "рубль бағамының өзгеруін теңгемен байланыстыруға болмайды" деді. 

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Рубльге тікелей байланып қалған ештеңеміз жоқ. Біз бөлек мемлекетпіз, экономикамыздың өзіндік мықты және осал тұстары бар. АҚШ-тың да, басқа елдердің де санкцияларының бізге түк қатысы жоқ. Сондықтан тікелей арифметикалық эффект болмайды.