Қос Кореяны бөліп тұрған аймақта Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея басшыларының қатысуымен тарихи саммит өтті

Қос Кореяны бөліп тұрған аймақта Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея  басшыларының қатысуымен тарихи саммит өтті
27 сәуір, 20:00

Пхеньян бүгін ядролық қарудан бас тартты. Бүгін қос Кореяны бөліп тұрған аймақта қос ел басшысының қатысуымен саммит өтті. Оған бүкіл әлемнің назары ауды. Себебі онда Корей халқының ғана емес, бүкіл әлемнің бейбітшілікке бет бұру мәселесі қаралған. Қос ел қашан бірігеді? Толығырақ тілші баяндайды. 

Шекара шебіндегі Пханмунджомға бүгін бүкіл әлемнің назары ауды. Әлемнің белді БАҚ өкілдері "бейбітшіліктің жаңа дәуірі" басталды деп әлемнің түкпір-түкпіріне ақпарат таратты. Келбеті мен киімі өзгермейтін Ким Чен Ын Мун Чжэ Иннің қолын қаттырақ қысып, 1953-ші жылдан бері Оңтүстік өңірге табаны тиген алғашқы президент атанды. Протоколға қарамастан, Ким Чен Ын оңтүстіккорейлік әріптесіне "сенің де табаның біздің жерге тисін" дейді. Мун Чже Ин қарсылық танытқан жоқ. Осыдан соң басшылар бейбітшілік үйін бетке алды.

Ким Чен Ын, КХДР көшбасшысы:

Бүгін біз, елдің оңтүстігі мен солтүстігі арасындағы ескі тыртықтар жойылу үшін, бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Шекара шебі аса маңызды емес. Егер көптеген тұрғын шекарадан асып өтсе, алынып тасталуы да мүмкін. Мен қос ел алдағы уақытта бірігетініне кәміл сенемін. Біздің қанымыз бір, бір халықпыз. Бізге екі бөлек күн кешуге болмайды.

Кездесу барысында бірнеше келісімге қол қойылды. Онда бір-біріне жауласпаудан басталып, қажет болса бірігеміз деген тармақ бар. Сонымен қатар Сеул мен Пхеньян Солтүстік Кореяның ядролық қарудан толық бас тартуын да сөз етті.

Мун Чжэ Ин, Корея Республикасының президенті:

Бұл шынымен де тарихи кездесу болды. Енді Корей аралында ешқашан соғыс болмайды. Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуы бүгіннен басталды.

Бүгінгі кездесудің символы ретінде мына қарағай ағашы таңдалып алынды. Ол шамамен 1953-ші жылы қос ел арасындағы соғыс біткенде егілген. Содан бері қос елдің бір біріне өкпесі қара қазандай болған еді.

Ким Дэсик, Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Қос ел қашан да бірігуді қалаған. Бірақ бүгінгі басты мәселе ядролық қарудан бас тарту болды. Онан соң бейбітшілікке жол ашу. Содан соң барып қос елдің бірігуі қаралады. Солай болса, қарапайым халықтың ұтқаны деп қарауға болады. Қиыншылықтар болса да, шешімін табары хақ.

Кейбір сарапшылар бұл АҚШ басшысымен кездесу алдындағы дайындық деген пікір білдірді. Шамамен 2 айдан соң Дональд Трамппен Ким Чен Ынның кездесуі жоспарланған. Осыған қарағанда, ядролық қарудан бас тарту мүмкіндігі жүзеге асатын сыңайлы.