Атырауда веложарыс өтті

Атырауда веложарыс өтті
02 мамыр, 20:00

Атырауда өткен «Bik Ride Atyrau - 2018»  қайырымдылық веложарысынан түскен 35 млн тенге облыста енді ашылып жатқан велоспорт бөліміне құрал-жабдықтар алуға аударылаты. Аукционда ең қымбат сатылған Vino Bike велосипеді 10 млн 400 мың теңгеге бағаланса, Майк Тайсонның қолтаңбасы қойылған қолғап 3 млн 200 мың теңгеге сатылған. Веложарыста 1500-дей тұрғын 9 шақырымдай жолды велосипедпен жүріп өтті. Бұл жарысты өткізуге аймақ әкімдігі мен Александр Винокуров қоғамдық қоры ұйытқы болған. 

Бұл күн атыраулықтар үшін ерекше басталды. Спорттық киімі мен велосипедін сайлаған көпшілік велошеру бастау алатын театр алаңына ағылды. 900-ден асқан қатысушы ниет еткен. Олар алдын ала онлайн тіркеуден өтті. Сөре алдында жарыс жолына шыққандар қатары толыға түсті. Ең жас велошабандоз 4 жаста болса, ең үлкені 66 жастағы зейнеткер. Өзге көпшілігі  - жастар. Арасында отбасымен велосипедке отырғандар да көп. Арон Сабыров екі қызымен келіпті. Ұрпағымды салауатты өмір салтына тәрбиелегім келеді,- дейді.

Арон Сабыров, Атырау қаласының тұрғыны:

Балдарды қатыстырайын деп, көрсін деп, бірге болайық деп. Өзім де осындай кішкене жасымнан велосипед тепкенбіз.Спортпен шұғылдансын деп, денсаулықтары мықты болсын деп, сол үшін алып келдік.

Қатысушылар олимпиада чемпионы Ильия Ильинмен бірге жаттығу жасап, дене қыздырған соң, іле-шала жолға шықты. Веложарысты қолдауға Астанадан арнайы команда келді. Көршілес Орал қаласының велошабандоздары да бар. Қос дөңгелекеті арбаны облыс әкімінің қос орынбасары мен қала басшысы да тізгіндеген. Қайырымдылық шарасының басты мақсаты - Атыраудағы спорт мектебі жанынан ашылған велоспорт бөлімін қолдау.  Ол үшін қайырымдылық кеште велосипедтер сатылымға шығарылмақ. 

Азамат Бекет, Атырау облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы:

Эксклюзивті велосипедтер сатылатын болады. 1950 жылғы велосипед бар. Одан басқа Винокуровтың өзінің велосипеді бар. Түскен ақша қайырымдылық қоғаммен, Атырауда велоспорттан бөлім ашылған болатын, сол бөлімге велосипедтер алынады, инвентарь алынып берілетін болады.

Велошабандоздардың алды жарты сағатта 9 шақырымды бағындырып, Сұлтан Бейбарыс алаңында мәреге жетті. Қорытындысы бойынша "ең жас", "ең үлкен қатысушы" анықталып, "спортшы отбасы", "ең креативті велосипед иесі", "ең креативті киім үлгісі" аталымдары бойынша марапатталды.  Спорт мерекесі Қазақстан эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасты.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ