Уран өндірілген шахталар қараусыз жатыр...

Уран өндірілген шахталар қараусыз жатыр...
09 маусым, 20:00

Солтүстік Қазақстан облысында кезінде уран өндірілген шахталарды адамдар бұзып әкетіп жатыр. Жабылған шахталар қоршалмаған, радиациялық қауіпті екенін көрсететін белгілер де жоқ. Ал сәуленің таралуы көнуге болатын қалыптан 1 жарым есе көп, дейді, мамандар. Дегенмен экология департаментінің басшысы көктемде 3 есе жоғары деген. Консервіленген 5 кеніштің үшеуі Айыртау ауданында, екеуі Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда. Адамдардың денсаулығына қауіп төндіріп тұрған шахталар жайын өңірдегі меншікті тілшіміз Абзал Құрманкин баяндайды. 

Абзал Құрманкин, тілші:

Өткен ғасырдың 70-90 жылдары бұл кәсіпорында уран өндірілген. Мынау шахтаның кіреберісі. Кеңес одағы ыдыраған соң, оның қақпағы бетонмен бітеліп тасталған. Бұл аралықта радиацияның мөлшері қалыпты нормадан бірнеше есе асады. Алайда, адамдарға жүруге тыйым салатын маңайда бірде бір белгі жоқ.

1977 жылы ашылған Целиноград тау-химиялық комбинатының Солтүстік Қазақстанда 5 бірдей шахтасы болған. Соның бірі Айыртау ауданындағы Грачевский кен орны. Кәсіпорын жылына уранның 120 мың тоннасын өндіріп отырған. Комбинатта еңбек еткен 5 мың маманның барлығы Саумалкөл селосындағы зәулім баспаналарда тұрған. Арнайы кеншілерге деп салынған тұрғын үйлерде қазір адам саны әрі кетсе 1,5 мыңға жуықтайды. Қалғандары қаңырап бос тұр.

Петр Петров, кенші:

Шахтаның тереңдігі 680 метр етін. Әр 80-100 метр сайын ұзындығы 2 шақырымға жететін дәліздер болды. Уранды сонда өндіріп, Степногорск қаласына жіберетінбіз.

Бүгінде  кәсіпорынның сау тамтығы қалмаған. Ғимараттардың қаңқасы ғана тұр. 2000-жылы шахталарды жоюды «Уранликвидрудник» серіктестігі қолға алған. Стратегиялық мекемелерді бақылау аталған кәсіпорынның мойнында болды. Бірақ 2010 жылы компанияның өзі де жабылып қалды. Содан бері қауіпті нысандар иесіз тұр. Қожайыны жоқ кәсіпорынға жергілікті тұрғындар көз тіккен. Жұрт металл, кірпіштерді құрылыс материалы ретінде көріп, оларды бұзып әкеткен. Ал кеніштен шығатын радиацияға қараша мән бермесе керек. Тіпті оларды тоқтататын арнайы белгілер немесе қоршаулар мұнда атымен жоқ.

Людмила Гузенка, Новоукраинка ауылының тұрғыны:

Кімнің қолына не ілікті, соны жымқырып отырды. Металлдың барлығын тасып, тапсырып тастады. Қазір онда ұрлайтын нәрсе де қалмады.

Новоукраинка ауылы  Грачевский кен орнына ең жақын орналасқан елді-мекен. Мұнда 400-ге жуық отбасы түтін түтетіп отыр. Радиация тарайтын аумақта тұратын жұрт, денсаулықтың бірте-бірте нашарлап бара жатқанына алаңдайды.

Бақыт Доскина, Новоукраинка ауылының тұрғыны:

Ол жақта мал да жүреді, балалар да, сол жаққа жидек, шие теруге де барамыз. Бірақ оны ешкім ойлап жатқан жоқ. Рас, көбі ракпен ауырады. Тіпті жас мұғалімдер ракпен ауырып жатыр.

Аймағанбет Есқақов уран шахтасында 20 жыл бойы еңбек еткен.Тәжірибелі геологтың айтуынша, кәсіпорын аумағында жүздеген тонна өндіріс қалдықтары жатыр. «Уранликвидрудник» серіктестігі оны сары балшықпен көміп тастаған.  Бірақ  8 жылдан бері қалдықтардың қалпын тексеріп жатқан ешкім жоқ.  Жұрт Ақмола облысындағы Калачидің кебін киюден қорқады.

Аймағанбет Есқақов, геолог:

Забаланс, отвалдар жатыр. Оны метровый сары балшықпен жауып тастаған. Но они сколько лет, я ходил смотрел трещины, сумен жуып тастаған. Оның арасынан облучение может идти. Может быть как и в Калачах, Степногорске, которые люди засыпают. Может и в Володаровке будем засыпать.

Теріскейдегі Аққан-бұрлық, Шоқпақ, Грачевский, Дергачевский және Қосашы кен орындарында экология департаменті жыл сайын тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Сараптама қорытындысына сәйкес, шахталардың барлығында дерлік радиация бар.

Азамат Бектасов, СҚО Экология департаменті басшысының орынбасары:

Шахталарда мониторинг жүргізу департаменттің жоспарлы жұмысына енеді. Біз гамма сәулелерін тексереміз. Оның орташа көрсеткіші – сағатына 0,33 миллиЗиверт. Бірақ  Грачевский кен орнында оның көлемі 0,4 миллиЗивертті көрсетті. Яғни қалыпты нормадан 1,3 есе асқан.

Қазір бұл шахталар облыстық органдардың ешқайсысының меншігінде тұрған жоқ. Жергілікті билік өкілдері стратегиялық нысанға жауап бермегендіктен сұхбат беруден бас тартты. Уран шахталарының неге қараусыз қалғанын білу үшін Энергетика министрлігіне ресми хат жолдадық. Жауабын әдеттегідей, бірден бермейді. Күту керек.

Абзал Құрманкин, тілші:

Теріскейдегі 5 бірдей шахтамен айналысқан «Уранликвидрудник» компаниясы 2010 жылы жабылды. Сорақысы сол, ашық-шашық жатқан кеніштерді билік 8 жылдан бері қараусыз қалдырып отыр. Айта кету керек,  Қызылжар өңірі обыр ауруы бойынша алдыңғы шепте тұр. Бұл екі фактінің арасында бір байланыстың болуы әрине, мүмкін.

Абзал Құрманкин «Біздің Уақыт».