Түркістан ОҚО орталығына айналады. Урбанизацияға тән проблеманы Қуандық пен Әтіргүл жақсы біледі...

Түркістан ОҚО орталығына айналады. Урбанизацияға тән проблеманы Қуандық пен Әтіргүл жақсы біледі...
09 маусым, 20:00

    Шымкенттің республикалық мәртебе алып, Түркістанның облыс орталығына айналатыны туралы көктемде шыққан хабар шындыққа айналды. ОҚО мен Шымкент билігі үкіметке облыс орталығын Түркістанға көшіруді және тұрғын      саны миллионға жеткен Шымкентке ерекше мәртебе беруді ұсынды. Енді ресми жарлық ғана қалды. Бұл, көпшілік бұлқан-талқан болмаған, керісінше, дұрыс шешім деп қабылдаған жаңалық. Сонымен бірге Президенттің                  Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай және Келес аудандарын Мақтарал мен Сарыағаш аудандарынан қайта бөліп шығару туралы Жарлығы шықты. Халық ең тығыз қоныстанған аймақ болып саналатын бұл төрт ауданда 600            мыңға жуық адам тұрады.Үндесетін бір тақырып бар. Ауыл тұрғындарының қалаларға ағылуы енді тоқтамайды және бұл дүние жүзілік үрдіс. Ал осыны әу бастан жүйелемесе, болжап, тиісті жоспар құрмаса шиеленісіп,                    шешілмейтін проблемаға айналатыны да белгілі факт. Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары Қуандық пен Әтіргүл қажуға қақысы жоқ екенін білетін, дегенмен бір жылап, бір күлетін ерлі-зайыптылар. Оларды қолдарына нан        ұстап ап томпаңдап жүрген 5 баласының жанында Дәуренбек Бақдәулет тыңдап келген.

    Қолдарына нан ұстап алып, мультфилімді таң-тамаша болып көріп отырған бір үйдің тату-тәтті 5 баласы... Ойыңызға бірден сонау 90-шы жылдар түскен болар. Тек бұл бүгінгі күн, Астананың қақ ортасы. Жап-жаңа, заманауи            вокзалдың қасында ескіше күн кешіп келе жатқан Қуандық Естаевтыңотбасы...

 Әтіркүл Рахимова:

 Бұл жазғы үй дейді де, телефонды өшіріп тастайды ғой, жылаймын ғой мен. Балаларды детдомға өткізіп жібереміз бе не істейміз деп. Күйеуім қой, ондай жаман сөз айтпа деп, сабыр, кішкене сабыр қылсаң бәрі болады дейді...

Әтіргүлдің әңгімесі қызық. Бір қарасаң әлемдегі ең бақытты отбасы осылар шығар дейсің. 5 бала шапқылап жүр, бастысы денсаулықтары жақсы. Әтіргүлдің өзі бала бағып, үйде отыр. Күйеуі Қуандық жұмыс істейді, ақша табады. Тек...

Жолдасы екеуі Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Бір колледжде білім алған. Кейін екі жаққа кеткен. Тағдыр екеуін Астанада қайта жолықтырды. Шаңырақ көтерді. 12 жылдан астам уақыт Астанада тұрып келеді. Шымкентте де жұмыс істеп тұруға болатын еді, дейді, медбике Әтіргүл. Бірақ жұмыс жоқ. Бар болса да, ел білетін, Елбасы білетін мына мәселе кедергі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: (01.06.2018)

Менде неше түрлі хабардар бар. Мектепте еденді жууға қабылдау үшін пара беру керек. Мектепте мұғалім болу үшін де пара беру керек. /ОҚО әкіміне қаратып айтқаны/ .

Әтіркүл Рахимова:

Күйеуіме 2 мың доллар маған 2 мың доллар. 1 млн 200 мың шығып тұр да. Ондай ақша болса біз Астананың ортасынан үй алмаймыз ба?

Осылайша, Қуандықтың отбасы Астанаға екінші рет көшіп келген. Алайда суық Астана бұларға бәрібір жадырай қоймады...

Қуандық Естаев:

Егер біреуге хабарласып квартира сұрасаң, балаң барма? дейді. Нешеу десе 5 десем, телефонды өшіріп тастайды. Әрі қарай сөйлеспейді. Ужас ондайды алмаймыз дейді. Өздерінде бала болмағандай. Жының келеді.

Әтіркүл Рахимова:

Енді бар үмітіміз мынау 7-20-25 бағдарламасы. Алла жазса шілдеден бастап. Бірінші біз өтетін шығармыз. Ертең үй беріледі десе бірінші қолімізды көтеріп барып алатын шығармыз. Бар үмітіміз сол болып отыр. 10 жыл күтсек, мына балаларымыз оқуын бітіріп, алды үйленетін жасқа келеді ғой.

 Дәл осы жерде мен Әтіргүлге «бірінші сіз өте алмайсыз» деп айта алғам жоқ. Себебі саяжайда тұрғандықтан бес балалы отбасында тіркеу де жоқ, ай сайын кемі 200 мың айлық та жоқ. Жолдасы күн-түн демей еңбек етсе де, айлығы шайлығынан аспай отырған отбасына несие беретін үкімет қайда... Үкіметтің бір ғана жәрдемі бар, ол - 5 балаға берілетін жәрдемақы.

Әтіркүл Рахимова:

Мен өзім көп балалы деп 10 мың пособие аламын. Сол, асып-тасып бара жатқан түгіміз жоқ. Әйтеуір Астана болғансоң мұнда пара бермей жұмысқа кіруге боладығой. Ал, жолдасым құрылыста істейді. Кейде өзі 5 бала болғансоң күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істейді, тіршіліктің қамы деп.

2030-шы жылға қарай тұрғындар саны екі миллионға жетуі тиіс Астана ресми статистика үшін елдегі шынайы ахуалды жасырмауы тиіс. Бұл саясаттанушы Сайыровтың пікірі. Жұмысы жоқ, нан-шайын таксимен ажыратып отырған Қуандық сынды азаматтарды «өзін-өзі еңбекпен қамтып отыр» деп тіркеу әбестік, дейді ол. Бұл тек әлеуметтік мәселенің ушығуына әкеп соғады.

Ерлан Саиыров, саясаттанушы:

Өзін өзі жұмыспен қамтушылар ресми түрде 2 млн 300 мың, ал, ресми емес түрде алсақ, 3 млн.нан асып кетеді. Біз қалай істейміз,ресми статистиканы бұзбас үшін көптеген жұмыссыз жүрген азаматтарды әкеп, өзін өзі жұмыспен қамтушы деп статистикаға кіргізіп қоямыз, ал, әлеуметтік мәселелер көбейіп, қордалана береді. Бұл дұрыс емес, мемлекет әлеуметтік мәселені қордаландырмай, дер кезінде шешіп отыруы керек.

Қуандық пен Әтіргүл бес бірдей баласының болашағы үшін Астанада қалғысы келеді. Оның үстіне үлкен ұлының тілінің мүкісі бар, білікті дефектологтар осында. Ал әйтеуір бір күні үйірмеге баратын балалары түбі бір жерді тесіп шығар еді, дейді.

Қуандық Естаев:

Істейтін адамға жұмыс көп. Тек сол баспана. Соған барып тіреліп қаламыз...

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қуандық пен Әтіргүл сынды жұмыс іздеп келгендер қашанғы саяжайды мекен етеді? Оның үстіне жақын арада саяжайлар сүрілсе, олар қайда бармақ? Себебі үкіметтің тілімен айтсақ, «өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандардың» ай сайын 90-100 мың теңге төлеп, пәтер жалдайтын мүмкіндігі жоқ екені хақ. Ең қауіптісі, әлеуметтің әлсіз топтары арқылы тереңдейтін урбанизация проблемалары расында әл бермей кетуі әбден мүмкін...