Павлодарда 3 адам ысқа тұншығып қаза тапты

Павлодарда 3 адам ысқа тұншығып қаза тапты
13 маусым, 20:00

Түтінге тұншығып қалған. Павлодарда өрт шалған моншаның ішінде қамалған әйел екі баласымен бірге ажал құшты. Аймақтағы өрт сөндіру қызметінің өкілдері жасаған болжамға сай, марқұмдар қызыл жалынға оранған моншадан шыға алмай қалған сыңайлы.

Тілсіз жау Павлодардағы жер үйлердің бірінде орын алған. Күндізгі сағат 12-лер шамасында жазғы асхананың ғимараты отқа оранады. Нысанның түпкі бөлігінде монша орналасқан. Дәл сол жерде әйел екі баласын шомылдырып жатады. Алдын ала болжамға сай, өрттің шығуына асхана жақтағы сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болған. Төтенше қызмет өкілдері қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмағанын айтады.

Марал Сағынаева, Павлодар облыстық ТЖ департаменті баспасөз қызметінің бас маманы:

Өрттің жалпы алаңы 20 шаршы метрді құрайды. Барлау кезінде моншаның ішінде үш адамның денесі табылды. 88 жылғы әйел адам, 2011, 2014 жылы туған кішкентай балалардың денесі табылды.

Марқұмдарды жерлеу рәсімі ертең өтеді. Қайғылы жағдайды естіген павлодарлықтар қарап қалмады. Бүгінде жасотандықтар қаралы отбасына қол ұшын созып жатыр. Көмек көрсетемін деушілердің басын қосқан белсенділер қатарында еріктілер де бар.