Қалмұханбет Қасымов Қазақстанның қай өңірі араққа салынып кеткенін айтып берді

Қалмұханбет Қасымов Қазақстанның қай өңірі араққа салынып кеткенін айтып берді
14 маусым, 20:00

Елдегі қылмыстың 14 пайызын ішімдік ішкен адам жасайды. Ал араққа құмартқандарды емдеу еш нәтиже бермей келеді. Онсыз да жүйелі түрде емделуге құлқы жоқ маскүнемдерге ауруханада орын жетіспейді. Бұл туралы халықпен есеп беру кездесуінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді. Бас полицейді алаңдатқан проблема қандай? Дәуренбек Бақдәулетұлы сабақтайды.  

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қазір ішкі істер органдарында 70 мыңға жуық маскүнем тіркеуде тұр. Оның 10 мыңдайы отбасылы, олар 15 мыңдай бала тәрбиелеп отыр. Ал есепте тұрмаған маскүнемдер тағы бар. Министрдің бұл тақырыпты қозғауы бекер емес. Соңғы уақытта ащы суға сылқиып алып қылмыс істейтіндердің саны артыпты. Мас күйінде жасалған қылмыс статистикасы мынадай. Ақтөбе облысында - 28%, Қостанай облысы - 25,5%, Павлодар облысында - 22%, Маңғыстау облысында - 20%. Ал, жүргізілген жұмыс көңіл көншітпей отырған көрінеді.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Біріншіден, қазір елде тек 22 наркологиялық орталық бар.  Онда 2 470 орын дайындалған. Ал, өткен жылы күшпен емделуге 5 200 адам жіберілді. Алайда, оның 700-і, орын болмай, кері қайтарылды. Десе де бұл бағытта әкімдікпен бірлесіп жұмыстар жалғаса береді.

Ал Қызылорда облысы тұрғындары болса, үнді есірткісін өсіруге машықтанып алған. Тек соңғы 3 жылда өңірде 150-ге жуық алқап табылып, 200 тонна тиым салынған өсімдік тәркіленіпті. Ауғанстаннан төнген қауіп бір бөлек. Қазақстан сияқты транзиттік елде героинның 10 пайызы қалып қояды деген ақпарат бар. Еуропадан ағылған синтетикалық есірткілер тағы бар.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Еуропаның синтетикалық есірткілерінің қауіпі ұлғайып келеді. Себебі диллерлер оны ғаламтор арқылы саудалайды. Олардың ізіне түсу қиын. Ал, Қызылорда облысында өсірілген үнді қарасорасының 200 тоннаға жуығын тәркіледік. Бұл проблеманы жақында сенаторлар да көтерген еді. Сондықтан жұмыс күшейтіледі

Елдің оңтүстік өңірлерінде жол ережесін елемейтіндер көп. Республика бойынша ЖКО-ның 58% Алматы, Алматы облысы мен ОҚО-ында болады. Көз жұмғандардың да 57 пайызы да осы өңірлерде. Сондықтан министр осы жақта бекеттер салып, бейне бақылауды күшейтеміз дейді. Министр бұл аймақтарда жұмыс күшейтілетіне уәде берді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Жыл басталғалы елде 614 адам жол апатынан көз жұмған. Тағы 7 мыңы жарақат алыпты. Апаттың 90 пайызы көлік жүргізушілері кінәсінан болады. Олардың 30 пайызға жуығы жылдамдықты асырған.

Мысалы,  жасалған қылмыстың Ақтөбе облысында - 28%, Қостанай облысы - 25,5%, Павлодар облысында - 22%, Маңғыстау облысында - 20% және Ақмола  облысында - 19,5 %-ын адамдар мас күйінде жасайды. Ал, жүргізілген жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей отыр.