Таиландтағы әлем көз тіккен оқиға: құтқару шаралары жалғасып жатыр

Таиландтағы әлем көз тіккен оқиға: құтқару шаралары жалғасып жатыр
05 шілде, 20:00

Таиландта балаларды құтқару шаралары әлі де жалғасып жатыр. 12 жасөспірімнен құралған футбол командасы мен бапкер су астындағы үңгірден шыға алмай отыр. Бұл орыннан сыртқа шығатын өткелдің 300 метрдей аумағын су басқан. Балалар 2 аптадан бері көмек күткенімен құтқарушылар оларды аман алып қалудың амалдарын әлі де таппай жатыр.

Үңгірден жеткен ақпар сәл де болса көңілге жұбаныш. Екі аптадай құрсауда отырған балалар камераға қарап күлімсіреп жағдайының жақсы екенін айтып жатыр. Олардың жанында құтқарушылар мен дәрігер бар. Ал сыртта ата-аналары күтіп тұр. Балғындардың тағдыры үшін барлығы да алаңдаулы.

Мен тағы да достарыммен бірге футбол ойнағым келеді.

Біз мұнда олар үшін дұға тілеп тұрмыз. Бұрыңғыдай мектепке бірге барып, алаңсыз жүруді армандаймыз. Ал құтқарушылардың қолын қысқымыз келеді. 

Бір қарағанда бар қиындық артта қалғандай көрінеді. Алайда бұл тек басы ғана. Құтқару амалдары көп емес. Арнайы техника көмегімен су сорылып жатыр, бірақ азаймай тұр. Штабтағылар жаңбыр маусымы басталып кете ме деп үрейленіп отыр. Егер олай болса, жағдай мүлде бақылаудан шығып кетуі ықтимал. Тағы бір амал балаларды арнайы маска кигізіп, аквалангпен алып шығау, алайда олар жүзу білмейді.

Наронгсак Оссатанакорн,  Чианг Рай провинциясының губернаторы:

Біз балаларды маска арқылы дем алуға үйреттік, бірақ суға түскен жоқ. Өйткені ағыс өте қатты. Дайвингпен айналысушылар үшін маска қолдану қиын, сондықтан оларға уақыт керек.

Құтқару операцияларына британдық және қытайлық мамандар тартылған. Олар құтқарудың барлық амалдарын қарастыруға көшкен. Енді үңгірді төбесінен бұрғылап көрмек.  

Ван Ке, "Pinglan" қоғамдық қорының төрағасы:

Құтқару операцияларына дайындық барынша жылдам жүргізіліп жатыр. Команда лидерінен өзге кәсіби дайверлер де төменге түсіріледі.  400 келідей жүкпен бірге балаларға суда жүзуге керекті құралдар жіберілді.

Үңгір мен шығатын есіктің аралығы шамамен 1,5 шақырымдай. Оның 300 метрін су басқан. Балалар бұл жолды жаяу өтуі мүмкін. Ал судың беті зір қайтпайды. Жаңбыр бір басталса, тек қазан айына дейін тоқтамайды. Сондықтан жоғарыға көтерілу операциясы бүгін басталуы мүмкін.