Қызылжар өңіріндегі Якорь ауылында мал жаппай уланып жатыр

Қызылжар өңіріндегі Якорь ауылында мал жаппай уланып жатыр
11 шілде, 20:00

Қызылжар өңіріндегі Якорь ауылында мал жаппай уланып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, жаз басталғалы 20 шақты қой мен 10 ірі қара ауырған. Жұрт жануардың дертке шалдығуын диқандардан көріп отыр. Ал мал дәрігерлерінің өз айтары бар. Абзал Құрманкиннің репортажы.

Қымбат Есенова ата кәсіппен жастайынан айналысады. Алайда малдың жаппай улануын алғаш рет көріп отырмын деді. Соңғы 4 күннің ішінде қойлаынан айырылған. Шаруа аман қалған малын енді қорада ұстауға бекінген.

Қымбат Есенова:

Бақташы бізбен хабарласып, қойларыңды отардан әкетіңдер деп айтты. Үш күн қатарынан өлген қойларымызды тасып жүрдік. Айналдырған 6 қойым қалды. Енді оларды көздің қарашығындай сақтаймыз.

Мал - Светлана Соколованың жалғыз табыс көзі. Соңғы бір айдың ішінде ол 4 ірі қарасы өлгенін айтты. Шаруа иесі бақыр тиынсыз қалмау үшін ауырған малын арзанға тапсырыпты.

Светлана Соколова:

Бір сиырым күніне кемінде 10 литр сүт беретін. Енді табыстан мүлде қағылайын деп отырмыз. Бір ірі қараның құны 300 мың теңге. Біз өз малымызды бар-жоғы 18 мың теңгеге сатуға мәжбүр болдық.

Ауыл халқы кінәні жергілікті диқандарға артып отыр. Егін алқаптарына себілген тыңайтқыштар өрісте жүрген малға зиянын тигізді дейді.

Сергей Еськин:

Малдың ішкі мүшелері күйіп кеткен. Сойған кезде бауыры сап-сары болып шықты. Жайылымның қасындағы егін алқаптарын кәсіпкерлер ұшақпен улайды. Содан да болуы мүмкін.

Жергілікті мал дәрігерлерінің айтуынша, жануарлардың улануы 3 жыл қатарынан байқалып отыр. Тек былтырдың өзінде 19 ірі және ұсақ мал ауырып қалған.

Абзал Құрманкин, тілші:

Якорь ауылындағы малдың барлығы үш табынға бөлінген. Бір қызығы, қырылып қалған ірі қара Вознесенка жақта бағылған. Бұл жайылым көлге жақын орналасқандықтан, жері батпақ. Сондықтан бұл аралықта сарғалдақ сынды түрлі улы өсімдіктер өседі, дейді ветеринарлар. Мамандар мал уланып қалған деп санайды.

Есмағзам Құдасов, Қызылжар аудандық ветеринарлық стансасының директоры:

Жануарлардың ағзасында интоксикация болды. Біз топырақ, су мен шөпті сараптамадан өткіздік. Мал сарғалдақтан уланған. Ол жерде мал бағуға болмайды. Біз ол жерде мал бағуға тыйым салдық.

Қазір мамандар терең сараптама жұмыстарын қолға алған. Ал жергілікті билік өзге жайылымдарды іздестіре бастады. Айта кету керек, уланған мал үшін мемлекет тарапынан өтемақы төлеу қарастырылмаған.