Медведев Америка санкциясын экономикалық соғыс жариялау деп бағалады

Медведев Америка санкциясын экономикалық соғыс жариялау деп бағалады
10 тамыз, 20:00

Ресейге қарсы жаңа санкция экономикалық соғыс жарияланғанын көрсетеді. Кремльдің бұған қарымта жауап қайтаруына тура келеді. АҚШ санкциясына қатысты пікір білдірген Дмитрий Медведев осылай деп мәлімдеді. Ол шектеу Ресей экономикасы мен руль бағамына қысым көрсететінін айтты. Үкімет басшысы Америка Ресейді қуатты бәсекелестер қатарынан ығыстыру үшін санкциялар құрсауында ұстап келеді деп санайды. Сондықтан Медведев оған жауап болады деп қысқа қайырды.

Дмитрий Медведев, РФ премьер-министрі:

Егер банк қызметін шектеу немесе қандай да бір валютаны пайдалану секілді мәселе болса, онда мұны - экономикалық соғыс жариялау деп айтуға болады. Бұл соғысқа экономикалық әдістермен, саяси әдістермен, қажет болса басқа да тәсілдермен жауап қайтаруға тура келеді. Және біздің америкалық достарымыз мұны түсінуі тиіс. 

Сарапшылар санкция төңірегіндегі дүрбелең басқа жағымсыз хабарлар болмаса 22-ші тамызға дейін басылады деп болжайды. Ол кезде рубль бағамы қалпына келіп, доллар 66-67 рубльге тұрақтайды деп жазады The Bell басылымы. Ал Ұлттық банк теңге бағамы Ресей рублінің құнсыздануы мен мұнай бағасының арзандауынан әлсіреді деген болатын. Бүгін бір доллар құны тағы да қымбаттап, айырбас бекеттерінде 359 теңгеге дейін жетті. Қазақстандық сарапшы бір доллар 400 теңгеге жете қоймайды деп болжайды.

Меруерт Махмұтова, экономист:

Кісілер алаңдап 400-ге дейін барады дегендей ойлап отыр. Бірақ, менің ойымша, тура қазір Ресейдің санкцияға деген интвесторлардың Ресейден капиталдарын әкетіп жатқаны сол Ресей рубліне әсерін білдіріп тұр. Ертеңгі күні Иранның жағдайы қалай болады? Мұнайдың бағасы қатты төмендей қоймайды дегендей болжам бар. Сондықтан, менің ойымша, теңге ең төмен деңгейде 380-ге барып, сонымен 380-350 маңайында өзгеріп жатуы мүмкін.