Сарапшылар Каспий конвенциясы қабылданарына сенімді

Сарапшылар Каспий конвенциясы қабылданарына сенімді
10 тамыз, 20:00


Каспий конвенциясы қабылданады. Сарапшылар қауымдастығы бұған бек сенімді. Олар 26 жыл күткен құжатқа қол қоюға бес мемлекеттің бірде бірі қарсы болмайды деп отыр. Бүгін Астанада "Каспий бестігіне" мүше мемлекеттер сарапшылары телекөпір арқылы тағы да кейбір сұрақтарды талқыға салды. Бұған дейін, ортақ шешімге қарсы келген Иран да бұл жолы "мінез көрсетпейді" деп отыр.

Жексенбіде ширек ғасыр сөз бұйдаға салынып, созылып кеткен Каспийдің құқықтық мәртебесі айқындалады. Теңізді жағалай қонған 5 елдің арасында әлі күнге дейін оны пайдалану жөнінде ортақ құжат жоқ. Каспий бестігіне: Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан мен Иран кіреді. Тараптар теңіздің құқтық мәртебесі туралы конвенция қабылдауы қажет. Бұйырса, бүрсүгіні. Бұған дейін, жылда сарапшылар кездесіп, мәмлеге келуге тарысатын. Бірақ ортақ құжатқа қол қоятын саммит жылда шегерілді. Иран да "қисайып" қалған.

Сұлтанбек Сұлтанғалиев, саясаттанушы: 

АҚШ тарапынан жаңа санкциялар шығатыны сіздерге белгілі. Осы орайда біздің оңтүстік көршіміз Иранға конвенцияға қол қоюды бұдан әрі созу тиімсіз. 

Иран Каспийді теңдей беске бөлуді ұсынды. 20 пайыздан. Теңізді кезінде Кеңес одағы мен Ислам Республкасы ғана бөліске салса, одақ ыдыраған соң, ойыншылар саны көбейді. Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созылып жатыр, жағалау сызығының ұзындығы - 7000 шақырым. Төрт құбыласы түгелдей құрлықпен шектеседі.

Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне - 29 пайызы (2340 шақырым), Ресейге - 9 пайызы, Әзірбайжанға - 20 пайызы, Түрікменстанға - 21 пайызы, Иран Ислам Республикасына - 14 пайызы тиеді. Ресейдің өз "үрейі" бар. Ол баяғы АҚШ. Теңізде АҚШ-тың әскери кемелері пайда болады деп қауіптенеді. Ал әзербайжандық сарапшы "қаңқу" сөзді қойыңдар деп кесіп айтты.

Чингиз Исмайлов, ӘР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы кафедрасының меңгерушісі:

Бұл мәселе неге қозғалады? Ешқандай мемлекет жағдайды ұшықтырғысы келмейді. Қазақстан да, Әзербайжан да. Ресейлік БАҚ жылда осыны "бықсытып" қояды. Артық әңгіме. Елдер басқа салада әріптестік орнатса, ол өз еркі. Каспий - жабық су. Басқа елдердің, Американың, Англияның кемелері жүзіп келуі мүмкін емес. Келсе де, Волга арқылы ғана мүмкін.

Бұл жолы бөліс жаға сызығына орай болмақ. Теңіздің түбі бөлек, судің өзі бөлек жолмен бөліске түседі. Каспийде "қара алтынмен" пара-пар "қара уылдырық" өндірісі бар. Яғни бекіре аулайтын аймақтар да аса маңызды. Мәселен, жыл басынан бері Иран бекіре мен уылдырықтан түсетін табысты үш есе көбейткен. Былтыр 3 млн доллар тапса, биыл 1-тоқсанда 10 млн доллар пайда көрген.