Жылжымайтын мүлік бағасындағы өзгеріс баршылық

Жылжымайтын мүлік бағасындағы өзгеріс баршылық
10 тамыз, 20:00

Облыс орталығына айналған Түркістанда жалдамалы пәтер ақысы соңғы бір айда 50%-ға дейін көтерілді. Осылайша, баға 2 есеге өсіп отыр. Мұндай деректі жергілікті риэлторлар келтірді. Тұрғын үй нарығындағы өзгеріс Шымкентте де байқалады. Айзада Төрекбекқызы шаршы метрлер құнын да анықтады. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Түркістанның жылжымайтын мүлік нарығына қан жүгіргендей. Баға екі есеге аспандап кетті. Тіпті кейбір отбасылар көпқабатты үйлердегі пәтерлерін босатып, жалға беріп жатқан көрінеді. Жергілікті риэлторлардың мәліметінше, екі немесе үш бөлмелі пәтерді жалға беру ақысы дәл қазір - 80 мың теңге. Түркістан қаласындағы жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын орталық директорының айтуынша, бұған дейін тұрақты болған баға шілдеден бастап айтарлықтай көтерілген.

Гүлнара Мұртазаева, риэлтор:

Шымкенттен келген мемлекеттік қызметкерлер қазір жалға сұрап жатыр негізінен. Әзірге сатылу тоқтады. Аренда қымбаттады. Қазір 2 бөлме пәтерлер 80 мың деп жатыр пәтер иелері. Енді соларға келіскен болып алып жатыр ғой аренданы 2-3 адам қосылып. Бұрын 35-40 мың болған екі бөлмелі пәтерлер.

Түркістанда әсіресе жердің бағасында айтарлықтай өсім байқалады.  Сұраныс аса көп болмаса да, екінші нарықтағы үйлердің бағасы да күрт өсіпті. Дегенмен бұл уақытша құбылыс деп санайды риэлторлар. Өйткені бұған қызмет бабымен қоныс аударушылардың көптігі себеп болып отыр екен. Маусымда  2,7 млн теңгеге сатылған 1 бөлмелі пәтер үшін иесі қазір 4,6 млн теңге сұрап отыр. 2 бөлмелі пәтер 4,5 - 5 млн тұрса, қазір 7 млн теңгеге бағалапты. 3 бөлмелі 6 -7 млн тұрған баспана құны қазір 8,5 - 9 млн теңгеге көтеріліпті. Тұрғын үй нарығындағы өзгеріс Шымкентте де байқалады. Статистикаға сүйенсек, элиталық тұрғын үйлер құны - 8,1 пайызға көтерілген. Жаңа үйді сату бағасында өзгеріс жоқ.

Айгүл Сартаева, Түркістан облыстық статистика департаментінің бас маманы:

Абаттандырылған тұрғын үйлерді алып-сату, яғни бір айдың ішінде 102,1 пайызға қымбаттады пайызбен айтқанда. Шілде айындағы баға 169 мың 764 теңгені құрады. Сонымен қатар абаттандырылмаған үйлерді алып-сату бағасы  бір айдың ішінде 110,4 пайызға көтеріліп  105мың 657 теңгені құрады. Элиталық тұрғын үйлерді алып-сату бағасы 107,1 пайызға көтеріліп 223 мың 513 теңгені құрады.

Статист мамандар бұл өзгерісті сұраныстың артуымен байланыстырып отыр. Алайда жылжымайтын мүлікті алып сатумен айналысушылар айтарлықтай өзгеріс байқамадық деп отыр

Нұрлан Досымбеков, жылжымайтын мүлікті сату орталығының директоры:

Факт бойынша қазір өзгеріс жоқ. Статистика тілімен айтқан кезде, бізде пока бағалар стабильно болып тұр. Қазір жер үйлер, екінші рынок дейміз, олар сәл түсіңкіреп қалды 15 пайыз жобасында. Өйткені қазір нақты ақшамен кішкене қиыншылық болып тұр адамдарда. Жер үй алатындар көбісі бартер дейміз ғой, бартер ретінде пәтерлерін бергісі келеді, үстінен ақша қосып. Ақшасы болмаса ипотека рәсімдегісі келеді.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Риэлторлар баспананы сатып алу мен жалдау құнындағы өзгерісті күзде күтіп отыр. Жаңа оқу жылында қалаға студенттер ағылады. Бұдан бөлек, Шымкенттің республикалық маңызға ие шаһар болуы да қоныс аударушылар санын арттыруы мүмкін деген пікірде. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ