«11 жыл құл болдым» деген азаматтың оқиғасы. Елімізде былтыр құлдыққа салу дерегі бойынша 15 қылмыстық іс қозғалған

«11 жыл құл болдым» деген азаматтың оқиғасы. Елімізде былтыр құлдыққа салу дерегі бойынша 15 қылмыстық іс қозғалған
15 қыркүйек, 20:00

Жамбыл облысы Байзақ ауданында Бейсен есімді азамат 11 жыл құлдықта болғанын айтады. Тойып тамақ ішпегенін, тиісті еңбекақы алмағанын баяндайды. Ал оған мал бақтырған Жомарт есімді кәсіпкер ешкімді құл қылмадым деп, азар да безер болды. Бұл оқиғаны Данияр Әлімқұл баяндап береді. Сюжет жасағанымыздың себебі – адамды құлдықта ұстау, елімізде бар. Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр республикада құлдыққа салу дерегі бойынша 15 қылмыстық іс қозғалған, 36 адам жауапқа тартылған: оларға екі жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. 20 адам жапа шеккен. Жалпы, құлдыққа түсетіндердің негізінен кімдер екені түсінікті, ондай адамдар полицияға бармайды, қожайындары өш алады деп қорқады. Арыз жазғанның өзінде құлдықта болғанды дәлелдеу өте қиын. Куәгер керек. Егер адам құлдықта жалғыз жүрген болса, қайдағы куәгер? Басқа адамдар болды делік, бірақ озбыр «феодалды» білетіндердің куәгерлік етуге жүрегі дауалай ма? Құлдық формадағы тіршілік негізінен алыстағы қыстақтар мен фермаларда. Оларды кім тексерсін?

Айдаладағы ақ отау. Жоқ, бұл Байзақ ауданының бір бұрышындағы не жолы жоқ, не  жөні жоқ белгісіз бір ферма. Алыстағы жайлаудан жасы алпысқа жағындаған адамды таптық. Жақындарымен жылап көріскен Бейсен Анарбеков тәуелсіз елде тұрып «құл иеленушіге» тәуелді болудан тауқымет тарттым дейді. 11 жыл бойы құн төлемей, құл қылды деген Бейсеннің базынасы көп. Оған құлдық қамытын кигізген қожайыны мал бақтырып, малай ғып жұмсаған. Жалғыз өзі даңғарадай фазенданың бар ауыр жұмысын атқарған. Оны қой жайып, қора сыпырып жүрген жерінен туыс әпкесі тауып алады. Ал, оның тұтқынға түскен түрін көріп төбе шашы тік тұрады.

Бейсен Анарбеков:

- Бір тиын ақша төлеген жоқ. Анда-санда ұрады ішіп алған кезде. Малай ғып ұстап отырды мені.

-Неге қашып кетпедіңіз?

- Жібермейді ғой, қайда қашамын, соттатамын деп, жаланың бәрін жауып отыр. Осы жерден шықпаймын, жалғыз өзім жатамын, өзім қарауылдаймын, малына қараймын, атын туғызам, қойын туғызам, өзім кіргізем бәрін. Қойын өзім қырқамын, адам әкелмейді, қой басына 300 теңге алады деп.

Әу баста әпкесі әлеуметтік желідегі бейтаныс біреудің парақшасынан жұмысқа жегілген інісін көріп, іздестіре бастайды. Бірақ бауырымен қайта қауышқанда құл болдым деген інісі үйіне барудан үрейленеді. Қайтатын болса қожайыны қорлық көрсететінін айтқан соң араға 2 күн салып әпкесі полиция мен біздің түсірілім тобымызды ерте барды.

Гүлбағира Әубәкірова- Бейсеннің әпкесі:

«Бармаймын, Жомарт менің паспортымды бермейді. Ол мені өлтіреді»,-деді. Әбден қорқытқан ғой. Ұстатпайды, жолатпайды. Адамның құқығын таптау емей немене енді? Құл ғой, міне қарасайшы өзінен сұрашы айналайын-ау, мына фазендадан анау Құмжотаға дүкенге жібермейді екен.

Ал, Жомарт есімді кәсіпкер қойшымның жақындары жала жауып жатыр дейді. Айтуынша, ол осыдан 11 жыл бұрын түрмеден босап келген Бейсенге жұмыс сұраған соң малшы ретінде қабылдаған. Аузын ас-судан қақпай, аяғын да байлап қойған жоқпын дейді. Құжаттарын қолына бермей, құнын төлемей қойғанын да жоққа шығарды. Тіпті, ауырған кезінде қымбат клиникаларда емдеткен-мыс.

Жомарт Наурызбай - фермер:

Құл ғып жұмсағанда мен мұны Байзақ ауданына тіркеуге тұрғыздым. Мысалы, кетем деген адам, мына жерді тастайды да бір күнде кетеді де қалады. Бұл жерде ешкім оның қолына кісен сап ұстап отырған жоқ. «Жетіммін, ойбай ешкімім жоқ» деген соң мен оған қолғанат болдым. Ақшасын беріп отырдым айлық есебінде. Ең азы тамақ-памағымен есептегенде 15 мыңнан кем болған жоқ.

Иә, 15 мың айлықты естіп тіпті жылағың келеді.  Бейсеннің соңғы рет қашан тоя тамақ ішіп, тоба дегені есінде жоқ. Бәлкім бұрын бостандықта жүрген кезінде шығар сол.  Тіпті түрмеде...

Гүлбағира Әубәкірова - Бейсеннің әпкесі:

Жуынды-пуынды бәрі, жуынды емей немене ыстық тамақ ішпегеннен кейін еркек адам. Өзінің түрін қарашы топ-толық, әп-әдемі. Ал, менің бауырымды көрші, қараңдаршы денсаулығы жоқ, асқазаны жара екен.

Нан ұрып кетсін мені, мен Құдайдың алдында күнәлі болғым келмейді. Колбаса десең колбаса, жұмыртқа десең оны бердім. Кеше мынандай ғып ет пісіріп алып келдім. Бейсеке айтшы ет жемедің бе не? Қойшы-ей, кеше ғана ғой!

Айта кетейік, Анарбековке бұрын «адам өлтірдің» деп айып тағылып, түрмеге тоғытылады. Бірақ жаламен жабылғаны үшін 2 жылдан соң шығарады. Содан бері шынайы түрмеден шығып, шырғалаң түрмеге қайта қамалғандай. 11 жыл жоқ іздеумен жоғалған уақытты ешкім қайтарып бере алмайтыны өкінішті.

«Рэкетир» фильмінен үзінді:

- Ағасы айтшы 10 жыл жоғалттым деп өкінбейсің бе?
– Жоқ, мен әйтеуір түбі осының бәрі бітіп, аяқталатынын  түсіндім. Бұл өмірде бастысы- өзіңді жоғалтпау
.

Данияр Әлімқұл - тілші:

11 жыл бойы Анарбековты ауыр жұмысқа салып, ақшасын бермеді деген жақындары кәсіпкерді Байзақ аудандық полиция бөлімінен бір-ақ шығарды.  Тараптар бір-біріне арыз жазып, ақша өндіру мәселесімен айналыспақ. Туыстары оның 11 жыл бойғы айлық-ақысын 1 млн 200 мың теңгеге бағалап отыр.  Бейсеннің үркек үндемеске айналмағаны қуантады. Тысқа шығуына тыйым салынып, қор-жайдың қасында қамауда болғаны рас болса, бұл күн оның бостандық мерекесі!

Данияр Әлімқұл, Эльдар Байділда «Біздің уақыт»