Азамат Исаев

Азамат Исаев
«ORDA FM» директоры

Азамат Исаев: тілші, продюсер және өмір суретшісі

Азамат Исаев өте қызықты әрі көңілді жандардың бірі де бірегейі. Бала кезінен барша алға қойған мақсаттарына өзі еңбектену арқылы қол жеткізіп үйренген. Ұзақ уақыт қызметте жүрген ол, бүгінде мұның бәрі бағындырар белестің әлі бастамасы деп біледі.

Продюсер болу үшін оған тән қандай қасиеттер болуы қажет немесе бұл істен хабары жоқ әрбір жан ол қызметті атқара алады ма?

Продюсерге қажет ең бірінші қабілет – төзімділік. Себебі, телеарнада қызмет көрсету оңай дүние емес. Біз қоғамдық тәртіп пен қылмысқа қарсы жұмыс жасайтын сақшылар секілдіміз, яғни ешқандай демалыс пен мерекелік тынығу күндері жоқ. Тіпті, 8-наурызда да жұмыстамыз, өйткені, үздіксіз эфир жүруі тиіс. Бастысы - мықты шыдамдылықты талап етеді және сүйікті ісіңе деген шексіз махаббат.

Продюсер қызметінде жүргелі ауыз толтырып мақтанарлықтай не бітірдіңіз?

Мен телевизия саласына өте ерте келдім. Бала кезімнен жергілікті (Байқоңыр қаласында, яғни Азаматтың туып-өскен жері. Авт.) телеарналарда әртүрлі бағдарламаларды жүргіздім. Ал, үлкен телеарнаға 2001 жылы мектеп қабырғасынан соң жоғары оқу орнына түскен кезде қадам бастым. Ол - «SHAHAR» телеарнасы мен радиосы болатын. Журналистикалық қызметім бірден өз ісінің шеберлері Раушан Исабекова және Ләйлә Сұлтанқызы секілді жандармен бастау алды. Сол кездері Қазақстанның телевизия нарығында жаңашылдық болып табылған «Дем Ал» интерактивті бағдарламасын жасадық. Кейіннен «HIT TV» арнасы ашылды. Музыкалық арнада 8 жыл қызметім бағдарламалардың редакторынан бастап, атқарушы продюсерге дейін ұласты. Сонымен қатар, «SuperStar KZ» мега-жобасының үшінші маусымында продюсер болдым. Кейіннен «Қазақстан» ұлттық арнасында жоғары дәрежеге ие болған «Дарабоз» реалити-шоуында автор әрі со-продюсер қызметін атқардым. 2009 жылы шоу бизнес әлеміндегі «Go! Go! magazine» журналының Бас редакторы болып тағайындалдым. Соңғы отырған орным «Спецнах Production Group» продюсерлік орталығында Бас продюсер қызметі болды. Онда біз екі жыл еліміздегі бірінші республикалық «Балапан» балалар арнасына «Әліппе» және «Бала тілі - бал» атты жобалар жасадық. 2012 жылдың қыркүйек айында «ASTANA TV» арнасына қызметке шақырылдым.

Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Халықаралық қатынастар» факультетінің «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша білім алдым. Отбасым бар, сүйікті ұлым мен қызым өсіп келеді. Жұлдызым – арыстан.

Келесі баспалдағыңыз қандай болмақ?

Өмір қайда алып барса сонда болмақ. Шыны керек, мен өзімнің түйіндеме қағазыма жазу үшін жұмыс жасамаймын. Телеарна – бұл менің өмірім. Мен онсыз өмір сүре алмаймын, себебі, мен онымен тыныстаймын. Ұстанымым – сүйікті іспен айналысу.

Өмірге қандай көзқарастасыз, яғни сіз философсыз ба, әлде суретші ме?

Мен суретшімін.

Әлемге қандай көзбен қарайсыз?

Әлем мен үшін жасыл, көк және сарғыш түстен тұрады. Ол қышқыл емес, қанық әрі табиғи түстер. Жалпы менің сүйікті түсім – жасыл.

Сіз
Байқоңырдансыз ғой, зымыран ұшыруда болғансыз ба?

Бала кезімде Гагариндік стартта болғанмын, ол өте алыс, қаладан 4-5 сағаттық жерде орналасқан. Көрініс өте қызықты, зымыран алыстан ұшты және жер дірілдей бастады. Енді түнде тамашалауды армандаймын, естуімше өте әдемі деп жатады. Енді бұйыртса, қалай уақытым болады, міндетті түрде осы арманымды орындаймын.

Арна мақтаныштары
Жайна Сламбек
Жүргізуші-журналист ...
Айгүл Әдепбай
«Астана» телеарнасының жа...
Отыншиева Базаркүл Мағазқызы
Жаңалықтар қызметінің жау...